Облыстағы кәсіподақ ұйымдары бүгінде еліміздегі ең ірі бірлестіктерден саналады. 2 мыңнан астам ұйымның 222 мыңға жуық мүшесі бар. Оның құрамына 18 салалық кәсіпқой одақтар біріккен. Бұл туралы бүгін «ОҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіпдақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов мәлімдеді. Жаңа басшы тілшілерге іргелі қоғамдық ұйымның жыл басынан бері атқарған жұмыстары мен жоспарларын таныстырды.
Кәсіподақ басшылығын жуырда ғана тізгінге алған Бекжанов мырза алдымен бүгінгі бірлестіктің қызметін егжей-тегжейлі талдап берді. Оның айтуынша, іргелі ұйым біріншіден барлық бағыттағы жұмысшылар мен жұмыс берушілердің мүдделер тепе-теңдігінің сақталуын қамтамасыз етеді. Мәселен, жалақының уақытылы төленуі, қауіпсіздік жағдайы, еңбек демалысы сияқты қатынастардың заңдылығын реттеу болып табылады. Алайда, жұмыс берушілер барлық жағдайда бұл талаптарды ескере бермейді.
Осыған қатысты былтырдан бері елімізде еңбек келісімшартын түзуге шақыратын акция жалғасып келеді. Мақсат — жасырын және бейресми еңбек қатынастарына тосқауыл қою. Аумақтық кәс3подақ бұл олқылықтар түзелмесе, сотпен бірлесіп жұмыс істеуге де әзір. Жағдайды ушықтырмай еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу үшін арнайы орталықтар ашу да жоспарда бар.
Қоғамда жиі талқыланатын жарна мәселесін де кәсіподақ басшысы екшелеп берді. Былтыр 10 салалы кәсіподақ 4100 адамға сауықтыру орындарына жолдама берген. Олардың ішінде 238 жолдаманы облыстық кәсіподақ бірлестігі білім және ғылым салаларында еңбек етіп жүрген жұмыскерлерге үлестірген. Бұл мақсатқа 160 млн. теңгеден астам қаражат бөлініпті.