Ордабасы тауын туризм орталығына айналдыру жұмыстары жүргізілуде

789

Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірліктің бастауы болған Ордабасыдағы  тариxи қорықты туризм орталығына айналдыру жұмыстары басталды.

Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алған аталған жобаның жұмысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы барып танысып қайтты. Аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған жоба аясында келушілер үшін жаяу жүргіншілер және автомобиль жолдары мен жобаның екінші кезеңінде этноқалашық, музей, амфитеатр салу жоспарлануда.

Осылайша тарихи аймақ жаңғыртыла отырып, туристер келіп тамашалайтындай абаттандырылған орынға  айналмақ.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған тарихта түрлі рөл атқарған қасиетті орындарды қолға алып, оны дамыту арқылы келешек ұрпақтың бойына сіңіру және соның аясында отандық туризмді де дамыту қажет. Ал Ордабасы тауы – халық келіп рухани тынығатын, рух жинайтын, ойын тазартатын орын болуы керек. Сондықтанда мұндағы әрбір жұмысқа назар салып, құрылысты сапалы жүргізуді тапсырамын»,- деді облыс әкімі.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, Жалпы қорық аумағында жоспарланған жобалау жұмыстары 85,9 гектарды қамтиды. Оның ішінде жаяу жүргіншілерге арналған жол ұзындығы 2415,4 метрді, ал автомобиль жолының ұзындығы  3129,5 метрді құрайтын болады.

ОҚО әкімнің баспасөз қызметі