«Парасатты полицей – 2018» анықталды

50

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінде ішкі істер органдары қызметкерлері арасында «Парасатты полицей — 2018» шығармашылық байқауы өтті. Аталған байқау дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады. Іс-шараның мақсаты – ішкі істер органы қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолдынылу аясын кеңейту.

Байқауға қала, ауданнан келген 14 командадан тұратын 100-ге жуық қызметкер қатысты. Тәртіп сақшылары өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екенін танытып, өздерінің білімдерімен қатар, әртістік өнерлерін көрсетіп, мемлекеттік тілде еркін ойларын жеткізіп, өнерлерін ортаға салды. Байқау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әрбір команда өздерін таныстырып өтті. «Өнерлі полицей» деп аталатын келесі кезеңінде дайындап келген үй тапсырмаларын көрсетті. Онда ән мен билерін орындап, сахналық қойылымдар қоюмен қатар, бейнероликтерін көрсетті.

Тартысты өткен байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасы «Бас жүлдені» ЖПҚ жол-патрульдік полиция полкінің «Жол періштелері» командасына берді. Бірінші орынды — Шымкент ҚІІБ-ның Еңбекші ПБ «Қақпан» командасына иеленді. Екінші орынға Арыс АІІБ мен Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ алды.

Ал үшінші орынды – Ордабасы АІІБ мен Төлеби АІІБ иемденді. Сонымен қатар, жеңімпаздарды 5 номинация бойынша бағалады: «Ұйымшыл команда» — Түркістан АІІБ; «Көрермен көзайымы» номинациясын Шымкент ҚІІБ Абай ПБ, «Өнерлі команда» — Сарыағаш АІІБ; «Тапқыр команда» — Кентау ҚІІБ; «Үздік капитан» — Шымкент ҚІІБ Абай ПБ «Абай қырандары» командасының капитаны полиция капитаны Рысқұлбекова Тоғжан иеленді.

Созақ, Қазығұрт, Түлкібас ауданы ішкі істер бөлімінің командасы да белсене қатысқаны үшін марапатталды. Өзге де белсене қатысқан командаларға грамоталар табысталды. «Парасатты полицей — 2018» байқауының барлық жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар ұсынылды. Іс-шара соңы көңілді концертке ұласты.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы