Полицейлер алып кеткен жігіт жоғалып кетті

556

Шымкентте 44 жастағы азамат жоғалып кетті. Жақындарының айтуынша, соңғы рет 12-мамыр күні полицейлер үйінен алып кеткен. Хабар-ошарсыз жоғалған Айдос Қасымбековты туыстары шарқ ұрып іздеп жатыр. Полицияға да арыз жазған. Бірақ, онысынан еш нәтиже шықпапты.

Жайна Ибрагимова он күннен бері жоғалған туысын іздеп әлек. Айтуынша, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Осыдан он күн бұрын қайын ағасы Айдос Қасымбекті тәртіп сақшылары ұстап алып кеткен, содан қайтып оралмапты. Артынан іздеп келсе, айықтырғыш мекемеде бір күн болғаны мәлім.

Ибрагимова Жайна, жоғалған азаматтың туысы:

«Полицейлерге шағымым олар қайын ағамды ішпесе де дүкеннің алдынан алып кеткен. Ол магазинге кірер кірмес есік алдынан алып кеткен. Көліктің ішінде белгісіз құжаттарға қол қойғызған. Шыға беріс жерде арақ алып берген. Өйткені олар ішпеген болса айықтырғыш орталығы оларды қабылдамайды. Полицейлерге көрсеткіш керек болып оларды ішкізген».

Жайнаның бұл сөздерін растайтын куәгерлер де бар екен. Із-түзсіз жоғалып кеткен Айдос Қасымбековпен бірге айықтырғыш орталығына жеткізілген Айдар Қайырбаев полицейлердің өзі арақ алып беріп, жол жөнекей ішкізгенін айтып берді.

Айдос Қасымбеков:

«Полицейлер қолымызды бұрап, машинаға тықты. Одан кейін қол қойдырып, базардан арақ алды. Кейін маған ішкізді. жанымда отырған жігіт те 100 гр ішті».

Ал Облыстық Ішкі істер департаментіндегілер полицейлердің бұл қылығын растамады. Керісінше, жоғалған азаматтың үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, қоғамдық орында алкогольді ішімдік ішкені үшін уытсыздандыру орталығына жеткізілгенін хабарлады.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

«12.05.2018 ж. ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аймақта қызмет ету барысында «Алкогольді ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, Шымкент қаласындағы уытсыздандыру орталығына жеткізілген».

Дегенмен жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен азаматтың туыстары мұнымен тынбаймыз деп отыр. Полицейлердің әрекеті бойынша прокуратура өкілдеріне арызданған. Түлкібастық тәртіп сақшыларының әрекеті жауапсыз қалмас үшін Бас прокуратураға да шағым түсірмек ниетте. Ал Айдос Қасымбектің жоғалғаны ресми расталып, іздестіріліп жатыр.