Қан майданға «азамат борышы» деп алынып, патриотизмнің ұранымен аттанып, туған жердің топырағы бұйырмастан ұрыс даласында қаза тауып, Отанына оралмаған оғландардың үнін ұрпағы жалғаса, самсаған снаряд пен шыбын жанды аңдыған оқтың ортасынан аман қалып, елге оралған ерлердің есімін ел қадірлейді.
Солардың бірі — соғыстан қайтқан батырлардың бүгінгі бейнесін таспалап, кадрде сақтауды парызына балаған фотограф Мақсат Шағырбай. Ол соңғы алты жыл бойына Ұлы Жеңіс күні мерекесіне келетін ардагерлерді объективіне іліп, фотосуретін жинады. Сол суреттерінен 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне «Абай» саябағында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атауымен ашық аспан астындағы фотокөрме ұйымдастырды.
ҰОС ардагерлерінің әжім торлаған жүзіндегі бейбіт күнге шүкірлік еткен сәтті сәтімен шырт еткізген фотосуреттерді ұзақ қараған келуші көп. Кәрінің де жастың да көңіліне бойлап, жанарларын жасқа шылаған фотокөрмені ашық аспан астында ұйымдастыру идеясының қалай пайда болғанын білмекке Мақсат Шағырбаевты әңгімеге тарттық.
«Үш жыл бұрын Мәскеуге барғанымда, сондағы ең үлкен алаңдардың бірінде ашық аспан астына қойылған ауқымды көрмені тамашаладым. Содан кейін «Неге Шымқаламызда осындай көрме ұйымдастырмасқа» деген ой келді. Өйткені, мұндай ашық аспан астында тұратын конструкция Қазақстанда жоқ. Идеяны жүзеге асыру үшін «қай мерекеден бастаймын» деп ойлап, достарыммен ақылдаса келе, бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміздің құрметіне Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өткізуді жөн көрдім. Батырларымызға тастан мүсін қоя алмасам да бізге, ұрпақтарына жасаған ерліктері үшін құрметімді осылай білдіргім келді»
Фотограф Мақсат 2012 жылы Шымкент қаласына алғаш көшіп келгенінен-ақ ардагерлерді фотосуретке түсіруді әдетіне айналдырған. Жылдан жылға қатары сиреп, азайып бара жатқан батырлардың бейнесін сақтап қалып, жас ұрпаққа көрсетуді мақсат етті.
«Жеңіс күнін қатарынан алтыншы жыл түсіріп келемін. Әр жылы осы күні таң қылаң бере Даңқ мемориалына барып, сонда аталардың алаңға келуін күтемін. Бұған дейін жыл сайын суретке түсіріп жүретін бір ата бар. Ардагерлерді күтіп тұрғанымда, «сол атаны тағы да көрсем» деп тілеймін, келесі жылы да күтемін. Және үш ата бар. Осы үш кісі жылда келіп, майдан-дастарының есімі жазылған тақтаға гүл шоқтарын қояды. Мұсылман ардагерлеріміз құран бағыштайды. Сондайда көз жастарына ерік беретіндері де бар. Әрмен қарай алаңға жиналған жас ұрпақты көріп, билеп, ән салып, ақыл-кеңесін айтады. Сондай сәттерді үнемі көргім келеді. Мұндай сәттердің куәсі ретінде суреттер жинақтаймын. Қазір еліміз бойынша екі мыңдай ғана ардагер қалды ғой. Біз үшін олар – тірі шежіре. Біз қан майданды тек экраннан көрдік. Ал ардагерлердің жүзіндегі әрбір әжім соғысты бейнелейді. Олардың әр Жеңіс мерекесін тойлаудағы кескіні, осы күнге жетіп, бейбіт өмірді көргендеріне шүкіршілік айтып келе жатқандарын аңғартады. Мен өз туындыларымнан сондай сәттерді көрген әсерімді жеткізе алмаймын. Бұл әсерді басқалармен де бөліскім келеді»
Фотограф 5 жылда түсірген фотосуреттерінің 40-ын таңдап, фотокөрмеге қойған. Фотосуреттер қойылған көрме тақтасының ұзындығы – 31 метр. Ұлы Жеңіс күніне «Абай» саябағында өткізілген іс-шараларға келген халықтың кемі 80 пайызы фотокөрмені тамашалаған. Шамамен 7-8 мыңдай адам жүрек тебірентер порттерді көріп, әсеріне бөленді.
«Суретті айналып өтіп бара жатады да қайта айналып келіп, тоқтап қалады. Осылайша бір суретке қарап ұзақ тұрады. Біреуінің жанына барып «бұл кісі сіздің танысыңыз ба?» деп сұрадым. «Иә, бұл – менің әкем. Жылда келетін. Былтырға дейін келді. Биыл ауырып жатыр. Келе алмады. Өзі келмесе де әкем осы мейрамның ортасында қасқайып тұрғандай әсер қалдырды» деп көзіне жас алды. Үлкен рахметін жаудырды. Өнеріме бас иді. Мұндай сәттер маған толқыныспен қоса қуаныш сыйлады. Ардагерлер: «Біздің көзіміз кеткеннен кейін мына өсіп келе жатқан ұрпақ өткенге қалай бойлайды» деп алаңдайтын едік. Бұл бір өте жақсы бастама екен. Енді олар бізді ұмытпайды» деп ағынан жарылды. «Мына суреттерді қай қолыңмен түсірдің» деп сұрап, қолымнан сүйіп, қолыма саулық тіледі. Мұндай сәттер мен үшін үлкен бақыт. Ерекше құрмет»
Халықтың қызығушылығын байқаған Мақсат Шағырбай мұндай көрмені әр жылы фотосуреттермен толықтырып, өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Өйткені, фотографтың айтуында — әр суреттің тарихы бар, ал тарихтың иесі бар.
Жанерке ХУМАР
Фотоларды түсірген: М. Шағырбай