Салық берешегі демалыстың шырқын бұзуы мүмкін

585
Фото Егемен Қазақстан

Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті жазғы демалыс қарсаңында салық берешектерін өтеу қажеттігін еске салады. Мұндай ескерту Қазақстаннан тысқары аумаққа шығар алдында келеңсіздіктердің орын алмауы үшін жасалып отыр, деп хабарлайды inform.kz.

Қазақстан заңнамасында берешегі бар Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына шектеу қою немесе мүлкін бұғаттау құқығы сот орындаушыларына берілген. Салық берешектің жоқ екендігі (бар екендігі) туралы ақпаратты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсынан немесе Egov.kz электронды үкімет порталынан қарауға болады.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында азаматтарға қолайлы болу үшін арнайы терминалдар орнатылған. Одан ЖСН арқылы берешектің бар-жоғы туралы ақпараттарды біліп, бар болған жағдайда төлеуге де мүмкіндік жасалған.

«Бұған қоса әрбір қазақстандық Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлердің тізімінен өзін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсынан да тексере алатындығын қосымша хабарлаймыз», – деп атап өтеді департаменттен.