Шөкеев жұмысты ширатуды тапсырды

561

Өзі де игермейді өзгеге де бермейді. Облыста 610 мың гектар алқап бос жатыр. Себебі, су тапшы. Ал каналдарды жекешелендіріп алған меншік иелері су көздерін іске қосуға асығар емес. Бұл туралы өңірге іс сарапмен келген еліміздің Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен алқалы жиында айтылды. Онда шаруалардың қолын байлаған өзге де проблемалар ортаға салынды.

«Қазсушар» мекемесіне өтпеген нысандардың жыр болғанына табаны күректей 4 жыл өтіпті. Содан бері жауаптылар нақты шара көре алмай, сөзбұйдаға салып келеді. Қарекетсіз отырған шенеуніктердің пиғылын Шөкеев мырза түсіне алмай дал болды.
Соның салдары болар, облыста соқа тиместен, 610 мың гектар алқап еш кәдеге жарамай бос жатыр. Осыншама алқапты суаратын жүйені іске қосу үшін миллиардтаған қаражат қажет. Егер каналдар «Қазсушар» меншігіне берілсе, оларды қайта қалпына келтіру өзінен-өзі шешілер еді дейді салаға жауаптылар.

Шаруалардың қолын байлап отырған жәйттер бұл ғана емес. Маман тапшылығы да көп іске кесе көлденең кедергісін тигізуде. Мәселен, өңірде қарқынды бақты қарыштата дамытып, ұршықтай иіретін кадр тапшы екен. Жұмыс күші жетіспей, шетелдерден алдыратын кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына қажетті маман даярлауды елімізде де жолға қоятын күн жетті деп есептейді.

Агарарлы саланың бар-жоғы түгенделген алқалы жиында шегіртке зиянкестерімен күресу жұмыстары да талқыланды. Мамандар жоспарланған аумақтың 1/3 бөлігіне химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді деп сендірді. Ауыл шаруашылығындағы азды-көпті түйіткілді тарқату үшін Астанадан ат арылтып келген құзырлылар жергілікті билік өкілдеріне жұмысты ширатуды тапсырып кетті.