«Шарықта щалқар шабытым». Жастар орталығы ғимаратында осындай тақырыппен күнгейдегі ерекше жандар шығармашылығындағы жаңалығымен бөлісіп, елге есеп берді. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнерімен өрлеп жүрген таланттардың бұл бастамасын тамашалауға келгендердің қарасы көп болды.
Айнұр Смандияр. Жасы — 23-те. Арманы асқақ ару осыдан 11 жыл бұрын қайғылы жағдайға тап болып, қос жанарынан айрылған. Бірақ қайсар қыз қиындыққа мойыған жоқ. Жаны өнерге ғашық бойжеткен ән айтады. Және жүректегі сыр-сезімін өлеңмен өреді. Бүгінде қаламыздағы жоғарғы оқу орындарының бірінде, өнер саласын, ондағы орындаушылық шеберлікті меңгеріп жүрген ару бұл кеште те тосылған жоқ. Тұщымды туындыны тыңдарманға тарту етті.
«Шарықта щалқар шабытым» атты шарапаты мол шара — биыл 3-ші жыл қолға алынып отыр. Кезекті кеште де күнгейдегі ерекше жандар шығармашылығындағы жаңалығымен бөлісіп, елге есеп берді. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнерімен өрлеп жүрген таланттарды өнердегі өзге де әріптестері қолдай келген. Ал ұйымдастырушы тарап — «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, осы жобадан түскен қаржы толығымен өнерпаздардың игілігі үшін жұмсалады.
Кеште өздері жазған тың туындыларды орындап, тыңдарманға ұсынды. Сондай-ақ, «Үміт» мектеп-интернатының шәкірттері де мәдени шарадан шет қалмады. Ұлттық сазды аспаптарын арқалай келіп, жерлестеріміз үшін күй-шығармаларды құрметпен ұсынды. Айта өтейік, «Шалқар шабыт» қоғамдық бірлестігі осыдан 4 жыл бұрын қызметін бастаған. Жасағында 20 адам жұмыс істейді.
Мөлдір Бекеева