Стадион аумағы жанындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жабу туралы шешім санитар-эпидемиологтар мен ветеринария бөлімінің хатына сәйкес қабылданған. Құжатта жаз мезгілінде арнайы мұздатқыштарда сақталмаған, тез бұзылатын тауарларды сатуға болмайтыны көрсетілген. Әкім мұнымен толық келіседі. Өйткені ең маңыздысы адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі.
Нұрлан Сауранбаев, қала әкімі: «Жәрмеңкелер әр қалада бар. Менің ойым жәрмеңкені сол баяғы орнында қалдыру керек. Бірақ барлық тиісті жабдықтармен қамту керек. Мұздатқыштардың жұмысын қамтамасыз ететін электр желісін де қарастыру қажет. Ыңғайлылықтан бұрын сатып алуға келетін қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет».
Бастамашыл топ қала әкімімен толық келіседі. Және олар тәртіпті қадағалауымызға аламыз деп те уәде берді. Әрі отырған орындарын мұнтаздай тазалап, мұздатқышты да өздері жеткізетін болды.
Жеке кәспкер: «Барлық өңірлерде жәрмеңке ұйымдастырылады. Тек бізде Шымкентте осындай жағдай, орын ауыстыруға құмар. «Барыс» базары алыс, онда сауда жасау бізге де тиімсіз. Алматыда болдық, онда жәрмеңке түнге дейін үш күн болады. Қажет болса жарықтандырып берген».
Сатушылардың дені «Біз жетіскеннен таң сәріден көкөніс сатып отырған жоқпыз. Біздің де бала шағамыз бар. Оларды бағу керек» десе, енді бірі «өнімдеріміз мұздатқыштан шыққан. 4 сағатта барлығын сатып үлгереміз. Проблема жоқ» дейді.
Әкім жиналған қауымды түсіністік танытуға шақырды. Қала тұрғындары жәрмеңкеден алатын тауарлары базардағы бағадан 10-15 пайызға төмен болуы тиіс деп дөп басты. Ол үшін сатушыларды тегін орынмен қамтып отырғанын да айтып қалды.
Жәрмеңкеге әкімдіктің қойған талабын орындайтын сатушылар ғана жіберілетіндігін де ескертті. Есесіне, әр демалыс күні Қажымұқан атындағы стадионның жанында өтетін ауыл шрауашылығы жәрмеңкесі орнын ауыстырмайтын болды.