Шымкентте 4 қабатты мектеп салуға рұқсат берілді

1062

Шымкентте мектеп саны көбейетін болды. 2020 жылға дейін үш ауысымдағы мектеп мүлдем болмайды. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдіктің отырысында айтылды. Қалада төрт қабатты мектеп ғимараттарын салу мәселені шешуге мұрындық болмақ.

Бұрын мұндай құрылыстарға рұқсат берілмейтін. Енді құрылыс нормалары мен ережелеріне енгізілген өзгерістерден соң Шымкентте 3 мың орындық төрт қабатты мектеп салуға рұқсат беріліп отыр.

Құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, құрылыста ешқандай проблема жоқ. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Қазіргі таңда 11 білім мекемелерінде, яғни 10 мектеп пен 1 балабақшада құрылыс монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 6 мектеп пен балабақша енді салынып жатыр. Бес жаңа мектеп биыл пайдалануға беріледі.

Таскен шағынауданындағы 103 білім ордасының 600 оқушыға шақталған оқу блогы, Бозарықтағы 900 орындық мектеп, Сайрам елдімекеніндегі 112 -ші мектептің 300 оқушыға арналған оқу бөлігі, Қарабастаудағы 99-шы мектептің де оқу бөлігі жаңа оқу жылында есігін айқара ашпақ. Сондай ақ, 76-шы мектептің спорт залы мен шеберханасы, асханасы мен оқу блогы да қайта жөнделіп, жаңарып қолданысқа берілетін болады.