Бұл орын кісі өлтіру сынды аса ауыр қылмыс жасап, түрмеге тоғытылғандарды кәдімгі өмірге бейімдейтін болады. Заң талаптарын сақтауды үйретеді. Шымкенттегі қатаң режимдегі ИЧ 167/2 колониясында «Оңалту түрмесі» жобасы қолға алынып жатыр.
Мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия колонияда жазасын өтеп жатқандармен кездесіп, кеңес береді. Бостандыққа шыққан соң жұмыспен қамтылып, баспаналы болудың, денсаулығы сыр берсе тегін медициналық көмек алу жолдарын айтып береді. Тіпті мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашып, түтінін түзу шығаруға болатынын түсіндіреді. Тіпті туыстарымен қарым қатынасты түзетуді де үйретеміз деп отыр түрме басшылығы.
«Біз «Оңалту түрмесі» жобасын дайындауға кірісіп кеттік. Негізгі мақсатымыз — бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, темір торда болғандарды қоғамға бейімдеу. Бұл жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік оңалту туралы ҚР Президентінінң 2016 жылғы Жарлығымен бекітілген кешенді стратегиясының бір бөлігі»-дейді ИЧ 167/2 түзеу мекемесінің бастығының орынбасары Айбек Тәңірбергенов.