Шымкентте сары түсті жедел жәрдем көліктері қызметіне кірісті. Оларды жолға шығарып, өзге жүргізушілердің көзін үйрету үшін арнайы шара, яғни флешмоб ұйымдастырылды. Дәрігерлер сары және ақ түсті жедел жәрдем көлігін шақыртуға бір уақытта жіберіп, жылдамдығын тексерді. Кептеліс уақытында екі түсті медициналық көлікке жүргізушілердің қалай жол беретінін бақылап көрді.

Жедел жәрдем көлігінің түсі сарыға боялғанымен, міндеті бір. Халыққа жедел көмек көрсету. Шақыртуға жедел жету. Мамандар сары көліктің қатысуымен арнайы шара өткізіп, жүргізушілердің мәдениетін тексерді. Сары түсті көлік бірден жүргізушілердің көзіне түссе керек, жүргізушілер медициналық көлікке бірден жол берді.

Мұхан Егізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Шараның мақсаты – жедел жәрдем қызметінің науқастарға дер кезінде жетуін қамтамасыз ету. Жедел жәрдем қызметін жүйелеу үшін қалада 6 станция ашылды. Осы станциялардың арқасында автокөліктердің жету уақытысын азайту. Оған қоса «Көмек» бағдарламасын іске қостық. Қазіргі таңда ауруға бара жатқан кезде тек қана телефон шалмайды. Мына жерде әр көлікте планшет бар. Осы планшеттің арқасында аурудың халін, жағдайын, мекен жайын барлығын біліп отырады.Науқас туралы барлық мәлімет автоматты түрде планшетке енгізіледі».

Шақыртуға дер кезінде жеткен сары жедел жәрдем көлігі жағдайы ауыр науқасқа шұғыл көмек көрсетіп, қауіптің алдын алды. Ал бұл кезде кептелісте тұрған ақ түсті жедел жәрдем көлігі шақыртуға әрең жетті. Сөйтіп қан қысым көтерілген азаматқа алғашқы жердем көрсетті. Мұндай іс шара арқылы денсаулық сақшылары жолда тосқауылдарды азайтуды көздейді. Жедел көмек қызметін дер кезінде көрсетуге жұртшылықтың да көмегі қажет дейді.

Айта кетейік, жақында жедел жәрдем стансасына 20 сары түсті жаңадан көлік пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жылдың соңына дейін жедел жәрдем көліктерінің барлығы сары түске боялмақ.

Жедел жәрдем көліктерінің сары түске боялуы еліміздің бас дәрігері Елжан Біртановтың идеясы. Денсаулық сақтау Министрі халықаралық тәжірибеге сәйкес, төтенше жағдайда қызмет ететін көліктердің түсі ашық болса, жол кептелісі кезінде көліктер арасынан жақсы көрінеді деп мәлімдеде жасаған болатын. Сондықтан сары түсті жедел жәрдем көлігін байқай қалсаңыз жол беруді, ұмытпаңыз.