Шымкенттік дәрігерлер іздеуде жүрген ақыл есінде кемістігі бар жас жігіттің өмірін аман алып қалды. Жүйке жүйесінде ахауы бар науқасты 17 мамыр күні жедел жәрдем қызметкерлері көшеден тауып алып, ауруханаға жеткізген.
Дәрігерлер «Отырар» телеарнасының тілшілеріне хабарласып, белгісіз жігіт туралы ақпар берген. Бұл хабарды ести сала телеарнаның шұғыл шақырылым тобы іздеуде жүрген жігіттің туыстарына хабарласып, ауруханаға арнайы іздеп барды. Он күн бойы перзентін жоғалтқан ана ұлын көре сала, көз жасына ерік берді.
Бір аптаға жуық дәрігерлердің бақылауында болған науқастың жағдайы қазір жақсы. Мамандардың айтуынша, жоғалып, табылған жас жігіттің құлағы естімейді, әрі сөйлей алмайды. Сондықтан мұндағы қызметкерлер ақыл есінде кемістігі бар науқастың аты-жөнін анықтай алмай әлекке түскен. Жас жігітті дәрігерлер туыстарына табыстады.