Сот орындаушысы мен борышкер арасындағы арпалыс

5293

Сот орындаушысын былайғы жұрт «мәжбүрлеп өндіруші» деп те таниды. Дегенмен заң талаптарын орындау басты қағидаларына айналған сот орындаушылары белгіленген шеңбер аясында қызмет атқарады. Олардың қызмет-құзіреті қандай? Мәжбүрлеп өндіру бойынша қандай шараларды атқаруға құқылы? Көптің көкейіндегі сан сауалға ОҚО Әділет департаментіндегі жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айнұр Исабекова жауап береді.


Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының айырмашылығы
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңында мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттіліктері айқындалып, айырмашылықтары белгіленген.
Мемлекеттік сот орындаушылары:
– мемлекеттен өндіріп алу;
– дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 50 және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу;
– мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы;
– мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттар бойынша ғана өндірістерді қозғай алады.
Ал жеке сот орындаушылары жоғарыда көрсетілген санаттардағы атқарушылық құжаттардан өзге құжаттардың барлығы бойынша жұмыстарды жүргізе алады. Сондай-ақ, заңнамада олардың жеке және заңды тұлғалардың пайдасына өндіруді іске асыру бойынша айырықша өкілеттіктері белгіленген. Тәжірибеде атқарушылық өндірістердің басым көпшілігі (мемлекет пайдасына 1 000 АЕК аспайтын сомаларды, оның ішінде мемлекеттік баж салықтарын, салық қарыздарын, әкімшілік айыппұлдарды, алименттерді өндіру, құрылыстарды бұзу, үйден мәжбүрлеп шығару) жеке сот орындаушыларының құзырында.
Қазіргі таңда ОҚО-да тіркелген жеке сот орындаушыларының саны – 232. Тиісінше, Әділет министрлігінің тапсырмасымен мемлекеттік сот орындаушыларының санын қысқарту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде олардың саны 30-ға дейін азайтылды. Жеке сот орындаушыларына қызметті іске асыру үшін лицензияны Әділет министрлігі береді. Олардың барлығы да арнайы құрылған кәсіптік ұйым – ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшелігіне енген.

Перизат Қансейітова, қала тұрғыны:
– Бүгінде жеке сот орындаушыларына деген көпшіліктің өкпесі қара қазандай. Өйткені алдын ала айыппұл және басқа да себептерге байланысты іс қозғалса ескерту хат жіберуі керек емес пе? Ал олар алады да бірден үйіңді, жеріңді, банк есепшоттарыңды бұғаттап тастайды. Егер ескерту хат келсе, төлейсің ғой… Жолдасым жол ережесін бұзғаны үшін менің банк карточкамды бұғаттап тастады. Көлік менің атыма тіркелген болатын. Процессинг орталығына барып, айыппұлды төлеп, жеке сот орындаушыны әзер дегенде тауып, қарызымызды өтедік. Банкке барып сот орындаушының берген анықтамасын өткізіп, карта есепшотымды үш күннен кейін шешті. Осындай кедергілері көп. Бұдан бөлек салықтан, коммуналды қызмет ақыларын төлемеген жағдайда да жеке сот орындаушыларының «арест» қоятыны бар. Қарапайым халықтың уақытын бір, жүйкесін екі тоздырмай, ескерту хат жіберсе болады ғой. Осы жүйені дұрыстау керек. Әйтпесе олигархтар емес, қарапайым қара халық зардап шеге береді.

Сот орындаушыларының жүгін жеңілдету үшін…
Бір жеке сот орындаушы орта есеппен 1000-1500 атқару құжаттарының талаптарын орындау тиіс екен. Әрбір сот орындаушысы өңіріміздегі барлық екінші деңгейдегі банктерден, тіркеуші органдардан ақпарат сұратып, борышкердің активтеріне тыйым салуды іске асыруы қажет. Яғни, бір атқару өндірісі аясында сот орындаушы кемінде 30-шақты мекемемен хат алмасуды іске асырады. Жұмыс ауыр болғанымен жауаптылар жеке сот орындаушыларының санын арттыру дұрыс емес деп есептейді. Өйткені олар қызмет ету барысында белгілі бір қаржылық тиімділігі болуы шарт. Бүгінде сот орындаушылар жүйесін автоматтандыру жүргізілуде. Ол үшін ақпараттық жүйені жетілдіріп, оны басқа құзырлы органдар мен мекемелердің деректер базаларына қосылып, электронды ақпарат алмасу күшейтілуде. Биыл сот орындаушыларының ақпараттық жүйесі әділет органдарының «Жылжымайтын мүлік регистрі» мемлекеттік дерекқорына қосылды. Енді борышкерлердің жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу қағаз жүзінде емес, электронды форматта жүргізіледі. Сот орындаушы өзінің кабинетінде қаулы қабылдап, компьютер арқылы жүйеге енгізеді.

Марат Әбдіхалықов, жеке сот орындаушы:
– Азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру керек сынды. Өйткені өзінің қарызы бар екенін біле тұра төлемейтіндер көп. ЖПБ-не жол ережесін бұзған жағдайда кейбіреулер өтірік мекенжай жазып береді. Ескерту хат жібергенде мекенжай дұрыс болмай, қайтарып жатқан жағдай өте көп. Расында сот шешімін орындау, өндіріп алу қиынға соқтырады. Жеке сот орындаушыларының жұмысы өте қиын. Ескерту хат жібереміз. Оны алса да төлемейтіндер тіптен көп. Егер алмаған күннің өзінде «Реестр должников» желісі арқылы біліп отыруға болады. Бізге айыппұл төлеу туралы шешім келіп түскен соң ескерту хат жібереміз. Сосын 10 күн күтеміз. Осы уақыт аралығында айыппұл және де басқа төлемдерді төлемеген жағдайда ғана арест қоямыз. ЖПБ ПП алдымен тексеріп алуы керек. Төленбеген жағдайда ғана бізге жіберуі керек. Сосын біз мемлекеттік кірістер басқармасына сұраныс хат жолдап отырамыз. ҚР «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32-ші бабында сот шешімі шыққанан кейін біз 3 күн ішінде «арест» қоюға құқымыз бар.

Жеке сот орындаушыға қойылатын талаптар
Жеке сот орындаушысы болуға үміткерлерге қойылатын талаптар қатаң. Ол үшін 25 жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындау-шысы лицензиясын алған және Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасына кірген ҚР азаматы жеке сот орындаушысы бола алады. Яғни, үміткер азамат лицензияға ие болу үшін алдымен тағылымдамадан өтеді. Бұл үшін Республикалық палатасымен Өңірлік палата арқылы келісімшартқа отырады. Одан кейін аумақтық әділет органында аттестаттаудан өтеді, лицензия алғаннан кейін Республикалық палатаның мүшелігіне енеді. Жеке сот орындау-шысы болуға ниет еткен азамат қатаң іріктеуден өтеді. Заңнамада жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға рұқсат берілмейтін тұлғалар да бар. Яғни, ҚР заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған, сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған, жойылмаған соттылығы бар, өзі борышкер болып табылатын, наркологиялық және психиатриялық ұйымдарда есепте тұрған, жеке сот орындаушысының лицензиясынан айрылған адам жеке сот орындаушысы бола алмайды.

Лицензия алу үшін…
Үміткерлердің құжаттары Әділет министрлігіне электронды түрде www.e-license.kz сайты арқылы жолдану қажет. Аттестаттау жұмыстары да электронды түрде жүргізіледі. Үміткерлер аттестаттауға қатысу үшін www.e-license.kz сайтында электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, белгіленген құжаттарды сайт арқылы жібереді.

Қызметіне қанша ақы алады?
Мемлекеттік сот орындаушыларының еңбектеріне жалақы бюджеттен төленеді. ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 124-ші бабында атқарушылық құжаттың талаптары орындалғаннан кейін мемлекетке төленетін атқарушылық санкция туралы талаптар көзделген: «Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан 10 АЕК және заңды тұлғалардан 20 АЕК мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады. Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады. Ал, жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы, олардың өндіріс бойынша жасаған шығындары борышкерлерден өндіріледі.

Өз кезегінде, жеке сот орындаушыларының қызмет ақы мөлшері төмендегі пайызыбен белгіленген. Мүліктік сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:
60 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;
60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса – 20% мөлшерінде;
300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса – 15% мөлшерінде;
1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса – 10% мөлшерінде;
20 000 АЕК-тен жоғары болса – 3% мөлшерінде.
Алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.

Сот орындаушының құқы
Заңның 126 бабына сәйкес, сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен орындауға қатысты мәселелер бойын-ша қаулылар шығаруға; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға; атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды алуға құқылы.Борышкерлердiң банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына осы заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға; мүлiктің кiмге тиесiлi екенiн анықтағанға дейiн оған уақытша тыйым салуға құқылы. Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті. Әсіресе, үйден мәжбүрлеп шығару немесе құрылыстарды мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімдерін орындау кезінде түрлі оқиғалар болып жатады. Дегенмен сот шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондықтан да сот орындаушылары мұндай жағдайларда ішкі істер, төтенше жағдай, жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін қатыстырады.

Даудың басы – банк есепшоттарын бұғаттау
Сот орындаушылары жүргізетін істердің барлығы атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату болып табылады. Бұл заңмен бекітілген. Сот орындаушысы ең алдымен борышкердің банктегі есепшоттарына тыйым салуды қолдануға міндетті. Іс жүргізу кезінде сот орындаушысы борышкердің барлық активтерін (ақша қаражаттарын, табыс-тарын, жылжымайтын және жылжымалы мүліктерін, тіркелуге жатпайтын мүліктерін, құнды заттар мен үй-тұрмыс бұйымдарын) анықтайды.
Екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарға тыйым салу сотпен санкцияланған сот орындаушысының қаулысымен салынады. Егер есепшотта бұл сомадан артылған қаражат болса, банк қалған қаражаттарды бермей қоюға қақысы жоқ.
Көп азамат «сот орындаушысы есепшотымды алдын-ала ескертусіз жауып тастады» деген шағым айтады. Алайда, заңнамада сот орындаушысы борышкерді алдын ала ескертпей оған тиесілі есепшоттарына тыйым сала алатыны туралы ереже көзделген екен (Заңның 27-бабы).
Дегенмен, сот орындаушылар өндіріс тараптарға қозғалған атқарушылық іс жүргізу, қойылатын талаптар мен іске асырылған атқарушылық іс-әрекеттер туралы хабарлауға міндетті.
Сонымен бірге, өндіріс тараптары электронды қолтаңба нұсқалары арқылы өздеріне қатысты қозғалған іс жүргізулер бойынша ақпараттарды www.adilet.gov.kz сайтында тіркеліп, «өндіріс тараптарының кабинеті» арқылы біле алады.

Талапты орындамаса, қамалуы мүмкін
Сот орындаушысының қабылдаған шаралары өз нәтижесін бермейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Жауапкершілікті сезінбейтін азаматтар тек банк есеп шоттары бұғатталғанда ғана, не болмаса жылжымайтын мүлкіне тыйым салынғанда ғана әрекет жасай бастайды. Бұдан бөлек кейде борышкердің мүлкі де, табысы да жоқ болып шығады. Сол себепті де борышкер сот орындаушысының ескертпелеріне құлақ аспайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-шы бабында сот актісін орындамағаны үшін 5 тәулікке дейін қамау түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұнда жеке немесе заңды тұлғалардың да құқығы тапталмауы қарастырылған. Егер сот орындаушыларының қандай да бір іс-әрекеттеріне, не болмаса алдын ала хабарламағаны үшін наразылық туындаса, тиісті арыздарды облыстық Әділет департаментіне шағым түсіруге, Әділет департаментінің oko.adilet.gov.kz ресми сайтына немесе облыстың Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына хат жолдауға болады.

Өз кезегінде, жеке сот орындаушыларының қызмет ақы мөлшері төмендегі пайызыбен белгіленген. Мүліктік сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:
60 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;
60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса – 20% мөлшерінде;
300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса – 15% мөлшерінде;
1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса – 10% мөлшерінде;
20 000 АЕК-тен жоғары болса – 3% мөлшерінде.
Алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.

Сот орындаушыларына да жаза бар
Сот орындаушылары да пенде. Олар да қателеседі. Кейде тіпті қызмет бабын асыра пайдаланатындары да жоқ емес. Сондай жағдайда оларды заң басынан сипамайды. Сот орындаушыларының қызметі ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен реттелген. Биыл Әділет министрлігімен 6 жеке сот орындаушысының лицензиясын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған. Өңірлік палатаға 55 жеке сот орындаушыны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсыныстары енгізілді. Әділет департаментінің басшылығымен 2 мемлекеттік сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен, көп жағдайда азаматтар сот орындаушыларға қатысты ҚР Азаматтық процессуалды кодексінің 250- бабына және ҚР «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 127-бабына сай сотқа арызданғанды жөн көреді. Себебі, әділет органдарының сот орындаушыларының қаулылары мен құжаттарын жарамсыз деп танып, күшін жоюға құзыреттері жоқ. Мұндай құзыреттер сотқа берілген. Заң ережесінде жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысы 6 айға дейінгі мерзімге тоқтатылуы мүмкін деп көрсетілген. Оның ішінде, жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанда; жеке сот орындаушысы ҚР заңнамасын бұзғанда; атқарушылық құжатты қабылдаудан негізсіз бас тартқанда оның лицензиясы тоқтатуға жатады. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату – Әділет министрлігінің шешімімен және сот тәртібімен жүргізіледі.

Гүлжан ЖҰМАШ