Түлкібастық түлектер жалғызбасты анаға үй сыйлады

1018

Түлкібастық түлектер жарады. Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер 4 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған анаға ауылдарынан үй алып берді. Осылайша ел азаматтары Қасиетті Рамазан айында бір шаңыраққа қуаныш сыйлап, марқайтты. Біздің түсірілім тобы да бақытты жандардың қонысына құтты болсын айта барған еді.

Қайырымды жандардың қайырлы ісі бүгінде әлеуметтік желілерде тарап кетті. Ұйымшыл әрі қамқор азаматтар өзгелердей бірер күндік қуанышқа шашылмай, бір отбасының мұқтажын өтеді.

Алмагүлдің тұңғышы Назым биыл колледждің бірінші курсын аяқтады. Көзін ашқалы пәтерден пәтерге көшіп жүрген бойжеткен үшін жеке бөлме деген арман болыпты. Енді оның құстың ұясындай шағын ғана өз бұрышы бар.

Назым Тәжиева, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Біз 20 жылдан бері пәтер жалдадық. Қазір міне өзіміздің үйіміз, әрбіріміздің бөлмеміз бар. Қуанышымызда шек жоқ. Бұл көптен күткен арманымыз еді. Бәріне рахмет».

Көрсе көз тоятын 4 бірдей баланы бір өзі асырап отырған Алмагүл Тәжиева баспана мұқтаждығын әбден тартқанын айтады. Екінші топ мүгедегінің мемлекеттен алатын жәрдемақысы үй алмақ түгілі күнделікті ас-ауқатқа да жетпейді дейді ол. Жастайынан әкеден жетім қалған ол орта жолда жолдасымен де айырлысып, тұрмыс тауқыметін бастан өткеріпті.

Алмагүл Тәжиева, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Бір күні 1981-ші жылғылар үйге топырлап кіріп келді. Алғашта түсінбей қалдық… Құлайын деп тұрған екі бөлмелі үйге 10 мың теңге төлеп тұратынбыз. Тұрмысымызды көрді. Жағдайымызды білді. Осы үйді көріп жатқандарын айтып, бұйырса маған сыйға тартатындарын жеткізді.

Жылдар бойы әркімнің баспанасын жалдап күн кешкен отбасына үй сатып алып берген осы түлектер. Мектеп бітіргендеріне биыл 20 жыл болған бұл азаматтар үйге қажетті жиһаз, тұрмыстық бұйымдар сияқты қажеттіліктерді де ұмытпаған.

Рулсан Нағысбаев, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Біз елден не аламыз деп емес, елге не береміз деген жағдайға жеттік. Бұл шешімге біз ауыл имамының жөн сілтеуімен келдік. Ауылымызға не бере алдамыз деген сауалмен көп жерге бардық. Имам бізге осы жерлесіміздің жағдайын жеткізді».

Түлкібастық түлектердің бұл игі ісі көпке өнеге. Олардың бірі кәсіпкер, бірі білдей ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет етсе, енді бірі қарапайым құрылысшы, жұмысшы. «Туған елге тағзым ету — азаматтық парызымыз» деп білетін жомарт жандар елдің қамы десе жұдырықтай жұмыла кетеді.