«Түркістан археологиялық экспедициясы» жобасы аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі көне шаһардың маңынан археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Бабайқорған ауылдық округінің Мерген төбе жеріндегі қазба орны Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 33 шақырым жерде, Жаңақорған өзенінің жағалауында орналасқан, деп хабарлайды inform.kz.
Қазба жұмыстарына 15-тен аса маман қатысуда. Оның ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің археологы Бақытжан Нұрханов пен Нұржан Таджибаев та бар. Археолог мамандардың айтуынша обалар құрылысының сыртқы тұрпатына қарағанда бұл ескерткіштер өте құнды ақпараттар береді. Аталған археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қазірдің өзінде ежелгі обалар орны анықталды.
Осы орайда, археолог Талғат Өсеров аталған обалар ерте Темір және ерте Түрік дәуірлеріне қатысты деген болжам жасап отыр. Обалардың диаметрі 23-26 м. биіктіктері жердің деңгейінен есептегенде 2 — 2,2 м болады. Қазіргі кезде обалардың сыртқы құрылыстары анықтала бастады.
Айта кетсек, биыл «Әзірт Сұлтан» қорық-музейі археологиялық қазба зерттеу жұмыстарын жүргізуге берілетін лицензияға ие болған. Музей тарихында осындай археологиялық қазба жұмыстары музей тарапынан алғаш рет жүзеге асуда.