Шымкентегі көпқабатты үйлерге үздіксіз жылу беріліп6 қыста тұтынушылар алатын жылу бағасы төмендеуі әбден мүмкін. Бұл жоспар әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 гк қазандығы толық қуаттылығымен жұмыс жасағанда іске асады. Осы және өзге де үй төрайымдары мен төрағаларын қызықтырған сауалдарға жылу берушілер жауап берді.

Әкімшілік іскерлік орталығындағы жылу қазандығынан Теріскей, Сайрам, Шығыс және 18,16,17 шағынаудандарға үздіксіз жылу беруге мүмкіндік туады. Жылу магистральінің ұзындығы 5 шақырымдай. Ал бұған дейін аталмыш шағынауданның тұрғындары «Жылуэнергоорталық 3» мекемесінен жылы су алатын, оның ұзақтығы 21 шақырымды құраған.

Кездесуге келген облыстық мәслихаттың депутаттары халыққа ең бастысы сапалы жылу мен қолжетімді баға болу қажетігін қадап айтты. Қаладағы барлық коммуналдық мекемелер қызмет бағасын көтерген, ал «Қуатжылуорталығы» 392 шақырым жылу магистралының 61 пайызының тозығы жеткеніне қарамастан бағаны ұстап тұр деді.

Ал тұтынушы мен монополистердің көпірі саналатын үй төрайымдары коммуналдық қызметтің жеңілдік мәселесін оң шешіп беруді өтінді. Қала әкімінің жылдық есебінде де жиі айтылған бұл сауалға нүктені шаһар басшысынң өзі қояды. Коммуналдық қызметтің сапасы мен бағасы көтерілген жиын осылай аяқталды. Ең бастысы, жылу тарифі қалтаға қонымды күйінде қалады деген сеніммен тарқады.

Нұрлан Күдерұлы