Тосап, шырын дайындау маусымы — жаздың алғашқы айында құмшекер бағасының шарықтап кететіні Шымкентте үйреншікті жағдайға айналған. Жыл басында келісі 180-190 теңге аралығында болған баға бүгінде 40 теңгеге қымбаттаған. Оған қарамастан тәттіні қажеттілігіне сай саудалап жатқандар аз емес.
Сәмет Сойылға, қала тұрғыны: «25 келілік екі қап құмшекерді әрқайсысын 5 мың 650 теңгеге сатып алдым. Ия, қымбат. Алайда тосап көп жасау керек».
Қырғы базар төңірегінде сауда қызу. Төлеби көшесінің бойында қаз — қатар жеміс-жидек толы шелектерімен жайғасқандар негізінен қалаға жақын аудандардың тұрғындары. Солардың бірі Әлішер ауылының тұрғыны Мархамат Исманова шымкенттіктерге өз ауласынан шие ала келген.
Мархамат Исманова, Төлеби ауданының тұрғыны: «Шиені сатып, құмшекер аламыз қымбат болса да. Не істейміз, бала шағаны бағу керек қой».
Қатар тұрған Любовь Пасынкова Шымкенттің тұрғыны. Зейнеткер өрігін жинап, ала келіпті.
Любовь Пасынкова, қала тұрғыны: «Осындағылар өріктің шелегін 1,5 мың теңгеге сатса мен 1 мыңға да беремін деп отырмын. Бүгін күн ыстық, көп тұруға шыдамаспын, денсаулығым да жоқ. Аламын деген адамға арзан беремін. Өзім тосап жабайын десем, құмшекер қымбаттады, зейнетақым тамағымыздан артылмайды».
Құмшекердің бағасы жазға дейін көтеріле қойған жоқ. Облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қорынан әлеуметтік бағада сатылатын орындарда көтерілген жоқ. Енді қараша айына дейін құмшекердің бағасын нарықтың өзі реттейтінін тілге тиек еткен шымкенттіктер бұл құбылыс дәстүрге айналғанын алға тартуда.
Фатима Нұрғалиқызы, қала тұрғыны: «Үнемі осы ғой, жаз болса болды, құмшекердің бағасы бірден көтеріледі. Адамдар тосап жабады деп, бағаны шарықтатады. Зейнеткерлер зейнетақысын алса, ертеңіне азық-түлік міндетті түрде қымбаттайды. Барлығының еті үйренген. Ешкім таң қалмайды».
Көтерме сауда орындарында шекердің бағасы қазір 226-230 теңге төңірегінде. Алайда сатушылар баға бұдан да көтерілуі әбден мүмкін деп отыр. Ресми статистикаға жүгінсек, мамыр айында қанттың бағасы — 5,9 пайызға қымбаттаған.