Қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды

432

Өткен жылдың тамыз айында Шардара АІІБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген полицейлердің анықтауынша түнде үйлеріне қарумен қорқыта отырып, үйдің иесі мен оның туыстарын байлап тастап, белгісіз біреулер баса көктеп кірген. Артынан қаскөйлер сейфтен ақша және басқа бағалы заттарды алып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.

Аталған жайт ҚР ҚК «қарақшылық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркелген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығынның сомасы шамамен 6 миллион теңгені құрады.
Ауыр қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде Шардара АІІБ қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобын құрды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Шардара АІІБ полиция қызметкерлері күдіктілердің бірін Шымкент қ. ұстады. Қарақшылық шабуыл жайты сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен сотқа жолданды.

Қазіргі таңда сот шешімімен сотталушы 12 жыл бас бостандығынан айырылды. Қарақшылық шабуылының басқа қатысушыларына қатысты полицейлер іздестіру іс-шараларын жүргізуде.

Тәртіп сақшылары өз кезегінде тұрғындарға өз үйі мен жеке меншігінің қауіпсіздігіне мұқият болу қажеттілігін тағы да ескертеді. Осындай қылмыстардың құрбаны болмау үшін терезеге темір тор, сенімді есік және күзет дабылын орнату керек. Ақша мен бағалы заттарды бөтеннің көзі түспейтін таса жерлерде сақтаған жөн. Үйлеріңізге заңсыз кіру, тонау немесе қарақшылық шабуылы орын алған жағдайда тез арада «102» телефон нөмірі арқылы полицияға хабар беріңіз.