11 жасар бала шоққа түсіп, күйіп қалды

519

Ойнап жүріп, от басты. Шымкентте 11 жастағы баланың аяғы шоққа күйіп қалды. Ойын баласы иесіз қалған бұрыңғы өндіріс аумағында оқыс оқиғаға тап болған. Шарқ ұрған ата-ана әкімдіктен көмек сұрайды. Айтуларынша, бұған дейін талай адамды күйдірген аумақты жауып тастау керек.

Дамба көшесінің тұрғындары дабыл қағады. Кеңес кезінде жұмыс жасаған жылу электр станциясынан ұшқан шлак шоққа айналған. Не қоршауы, не егісі жоқ қауіпті аймақта балалардың күюі жиілеген. Бұл жолы 11 жастағы Дастан Әбдурашитовтың аяғы отқа түскен. Немересінің денсаулығына алаңдаған апасы биліктен көмек сұрайды.

Жергілікті тұрғындар бұл аумақтың қауіптілігін айтып, талай жерге барған. Жауаптылардың назарын аударту үшін, барын жасаған. Шоққа толы аумаққа бірде мал, бірде адам түсетінін айтып, араша да сұраған. Мұны Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары да растап отыр.

Дәурен Босымбаев, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Дамба көшесінің бойындағы 5 гектар жер бойынша тұрғындардан наразылықтар түскен. Мамандармен бірге сол жерге барып анықтау жұмыстарын жүргіздік. Содан кейін Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөліміне сол аумақты саябақ көкалдандыру жұмыстарын жүргізуге ұсыныс бердік».

Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі әкімдіктен берген ұсынысты қолдап отырған жайы бар. Бірақ бұл учаскіге жұмсалатын қаржы тапшы. Оны бюджеттен бөлгізудің өзі біраз уақыт алатын сыңайлы. Сондықтан да тұрғындардың өзі сақ болғаны абзал.

Ернар Балабеков