20 жылдыққа — 20 тонна шие

1062
Қазығұрт ауданы әкімдігі

Бүгінде базардағы жеміс жидектің дені шетелден тасылмалданады. Бағасы айға ақырып тұр. Әйтеуір құрт түспейтін алма, жылдап жатса да шірімейтін алмұрттың төркіні Қазақстан емес. Жеміс жидек өсіруге қолайлы өңір бола тұра шеттен таситынымыз көңілге көлеңке түсіртіні рас. Дегенмен дүкен сөрелеріндегі импорт өнімді түре қуып шығатын күн де алыс емес. Жергілікті диқандар бүгінде гектарлап алма, алмұрт, шабдалы, өрік өсіріп, өзіміздің ішкі нарықты қарық қылатын күн де таяу.

Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» ЖШС-нің бауында өсірілген апорт алма, жүзім, өрік, шабдалы, шие бүгінде нарықта өз орнын тауып, шеттен келетін өнімді шетке ығыстыра бастады. Дәмі тіл үйіретін, жұдырықтай апорт алмаларын сатып алармандары да көп. Жылда ауыл шаруашылық жәрмеңкесінің көркін ашатын алмалар бүгінде шетке де экспортталуда.

Жуырда аталмыш серіктестік диқандары Астананың 20 жылдық мерекесіне орай 20 тонна дәмі тіл үйіретін қызыл шие жөнелтуді жөн көріп отыр. «Амангелді» ЖШС-інің 60 гектер жерге егілгін жемісі Астана қаласына жол тартпақ. Бұдан бөлек жүзім, алма, өрік, алқоры, алмұрт та дайын болған шақта тағы да бас қалаға жөтелтілетін болады. Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев жуырда шие терімін бастап кеткен диқандармен жолығып, дәмді шиеден дәм татты.

«Амангелді» ЖШС-нің басшысы Нұрлан Құралов осылайша отандық өнім өндіруде өзгелерге үлгі болып келеді. Алдағы уақытта жеміс жидек бау көлемін тағы да арттыратын болса, онда ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай шетке де шығаратын күн алыс емес. Серіктестік бауындағы өнімдердің бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен. Мәселен, жүзім – 250 теңге, өрік – 300, шабдалы – 350, шие – 600 теңгеден босатылуда. Ал базарда шиенің бағасы — 800 -1000 теңгенің аралығында. Шабдалы 600 теңгеден сатылуда. «Амангелді» ЖШС-нің өнімі әрі арзан, әрі дәмді. Енді арзан өнімнен астаналықтар да дәм тататын болады.

Айназ Бейімбет