Ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы. Кадр жетіспеушілігі салдарынан аграрлар шетелден жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Шаруаның қолын байлаған осындай мәселелер бүгін Шымкентте өткен фермерлер форумында жан-жақты талқыланды.
Субсидияның әлегі, жайылымның жайы, маман тапшылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы қиындықтардың барлығы да ауыл шаруашылығы саласын артқа тартатын факторлар. Әсіресе, бәрін шешетін кадрдың жетіспеушілігі шаруаны шатқаяқтатып тұр дейді фермерлер. Айтуларынша, агроном, зоотехник, мал дәрігерлері, механизаторды айтпағанда өңірде қарапайым малшылар тапшы екен. Бұл қашан да экономиканың локомотиві болған салаға маман даярлаудың әлі күнге жолға қойылмай келе жатқанын аңғартады дейді саладағылар.
Аграрлар бұл мәселені қазір шетелден жұмыс күшін тарту арқылы шешуде. Десе де, соңғы 2 жылда облыстың агроөнеркәсіптік өндірісінің даму қарқыны байқалып отыр деп сендіреді саладағылар. Жылдан-жылға қысқартылып отырған субсидия жүйесін алмастырып отырған жеңілдетілген шағын несиеге де шаруалар үлкен үміт артып отыр.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 700 — ден аса ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстарда да күнгей шаруалары өзгелерге үлгі.