ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев үлескерлік құрылысқа қатысатын азаматтарға өз ақыл-кеңесін берді, деп xабарлайды inform.kz.
«Ашығын айту керек, қаржы дағдарысына дейін болған алаяқтықтан біраз адамдар зардап шекті. Мемлекет те күйіп қалды. Қазір заңнамада барлық мәселелер ескерілді. Құрылыс компаниясында қажетті қаржы ғана емес, рұқсат қағаздары да болуы шарт. Сосын оның қызметі қатаң бақыланады. Басқалар үлескерлердің қаржысын тарта алмайды», — деді М.Бекетаев xалыққа есеп беру кездесуі кезінде.
Министрдің айтуынша, үлескерлік құрылысқа қатысқанда компанияның барлық рұқсат қағаздарын қарап шыққан дұрыс. Бұдан бөлек, келісімшартты мұқият оқу қажет. «Сосын кәсіби адвокаттан немесе заңгерден кеңес алған да артық болмайды. Оған ақшаны аямаңыздар. Әйтпесе, сараңдықтың кесірінен екі есе шығын шығаруға тура келеді», — деп атап көрсетті М.Бекетаев.
Айта кетейік, кездесу кезінде министр сот орындаушыларының қызметіне қатысты заң жобасының Парламенттің қарауында жатқанын жеткізді. «Атап айтқанда, сот орындаушыларының қызметіне санкция салуды қысқарту туралы ұсыныс бар. Былайша айтқанда, аталған институтты дамыту шаралары жалғаса береді. Сот орындаушыларын жауапкершілікке тарту тетіктері де қалады. Бірақ өкілеттіліктердің біраз бөлігі соттан сот орындаушыларына беріледі», — дейді М.Бекетаев.