Шымкентте бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаттары электронды түрде қабылданады. 2 жыл бұрын қолға алынған бастаманы ата-аналар жақсы қабылдады.
Олар үйден шықпай баласының құжатын электронды түрде тапсыруға мүмкіндік алды. Құжаттарды электронды түрде тапсыра алмайтын ата-аналар бұрынғысынша, мектептің өзіне барып тапсырады.
Индира биыл қыркүйекте бірінші сыныпқа барады. Құжаттар тапсыруға кезектері келгенше, анасы тұңғышын мектептегі сынып бөлмелерімен таныстырып жүр.
Надира Артықходжаева, ата-ана: «Қызымыз 6-да, биыл мектепке бермекпіз. Қандай құжаттар қажет екендігін білуге келдік. Мектепке жақын жерде тұрамыз».
№9-шы мектеп лицейінде де бірінші сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдау 1-ші маусымнан басталған. Құжаттар жиынтығы бекітіліп қойған: ол -баланың туу туралы куәлігі, 3х4 формалы 2 фотосуреті, ата-анасының жеке куәлігі. Құжаттарды электронды түрде арнайы бекітілген ұстаз қабылдайды.
Қарлығаш Мұратқызы, №9 мектеп-лицей директорының орынбасары: «Бірінші маусымнан бастап бірінші сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдаудамыз. Бүгінге 182 баланың құжатын қабылдадық. Орыс тілінде оқитын сыныптарға 120 бала толық жиналды. Былтыр 345 бала қабылданған. 143 қазақ, 202 бала орыс тілінде оқытатын сыныптарға. Тамыздың соңына дейін құжаттар қабылдаймыз. Бір ата-аналар электродны түрде үйлерінде отырып құжаттарды тапсыруда. Біз тек базаға енгіземіз».
Бірінші сыныпқа баратын ұл-қыздардың құжаттарын электронды түрде қабылдау былтырғы маусымнан қолға алынған болатын. Бүгінде бұл жүйе Шымкенттегі 129 мектептің барлығында бар. Ол үшін ұстаздар арнайы дәрістер алды, түрлі жәйттерде қандай шешім қабылдау керектігін білді. Жүйенің тиімді, әрі екі тарапқа да оңтайлы екеніне көз жеткізді.
Марат Айкөзов, қалалық білім бөлімінің бас маманы: «Бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаттарын электронды түрде қабылдау былтыр маусымнан бері жүргізілуде. Өте тиімді. Ешқандай күрделігі жоқ. Бүгінде Шымкент аумағында орналасқан мектептердің барлығында құжатты қабылдау ұйымдастырылған. 1 маусымнан -1 қыркүйек аралығында бектіліген арнайы оқытылған жауапты маман құжаттарды таңғы 9:00 — ден 18:00-ге дейін қабылдайды. Түскі үзіліс сағат 13:00-14:00 аралығында».
Егер құжаттарды үйден компьютер арқылы тапсыруға мүмкіндігіңіз болмаса, үйіңіздің төңірегіндегі жақын мектепке де баруға болады. Мұнда арнайы бекітіліген ұстаз құжаттарыңызды қабылдап, базаға енгізеді. Егер құжаттарды тапсыруда күрделіктер туындаса, Тыныбаев көшесінде орналасқан бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратындағы қалалық білім бөліміне жүгінуге болады.