Дін өкілдерінің халықаралық форумы өтті

548

«Бауырлас елдердің рухани ортақ құндылықтары». Шымкентте осындай атаумен дін өкілдерінің халықаралық форумы өтті. Қазақстан діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Өзбекстанның бас мүфтиі Османхан қажы Алимовпен кездесті. Екі елге ортақ құндылықтар. Имамдардың бүгінгі әлеуметтік ахуалы. Қоғамдағы дін мәселесі. Бүгінгі кездесуде осы тақырып талқы таразысына салынды.

Екі елдің рухани байланысы жоғары деңгейде. Форумға қатысушылардың дені осыны құптайтындықтарын білдірді. Бас мүфти Серікбай қажы биыл Орталық Азия елдерінің Ислам ғұламалары рамазан айы мен ораза айтты бір күнге белгілеп ортақ пәтуаға келгенін айырықша атап өтті.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы: «Тарихи сан ғасырлардан келе жатқан ортақ діни мектебіміз, ұстанатын діни таным түсінігіміздің және бүгінгі таңдағы діни төзімділік пен байсалдылыққа, ұрпақ пен елді тәрбиелеу мақсатындағы діни қайраткерлердің алдында тұрған биік міндеттерді өзара тәжирибе алмасу мақсатында өткізіп отырмыз деуге болады. Соның аясында ораза айының басталуы, айт күндерінің бір күнде аталып өтуі бастама көтерген ынтымақтастығымызыдың әрі жемісі, әрі жалғасы деп айтуға болады».

Келелі кеңеске жиналғандар екі елге ортақ мәселелерді талқылады. Бас мүфти бүгінгіде қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету үшін ірі қалаларда садақа қабылдайтын терминалдар орнатылып жатқанын тілге тиек етті. Одан бөлек шалғайда жатқан ауылдардағы имамдарға қаржылық қолдау білдіру үшін «Уахып» атта қор ашылыпты. Онда 355 имам жалақы алады. Кезекте 1,5 имам тұр екен.

Кездесу соңында тараптар діни саладағы қарым қатынасты күшейту, қазақ өзбек тіліндегі діни кітаптарды бірлесе шығару, екі елдің қасиетті жерлеріне зиярат жасау рәсімдерін ұйымдастыру жөнінде уағдаласты. Өңірімізге табаны тиген бауырлас ағайындар бүгін рухани астанамыз Түркістанға зиярат етуге аттанды.