Айлардың сұлтаны Рамазан айында келетін түндердің қадірлісі Қадір түнін оңтүстік жұрты ерекше ыждағатталықпен қарсы алды. Адамзатқа Құран түсе бастаған қасиетті түнді құлшылықпен өткізуге келген жамағат Ойсылбаба Сіргелі діни-мәдени рухани орталығына ағылды.
Мың айдан да қайырлы, 83 жылдық ғибадаттан да абзал түнді құлшылықпен қарсы алуға келген жамағаттың қарасы қалың. Олар осы түні Жаратушыға жақындап, таң рауандағанға дейін дұға жасау ниетте. Мұсылман бауырлар алдымен қасиетті түнге аман жеткендерімен бір-бірін құттықтап, жайылған ақ дастарханнан дәм татып, ауыз ашты.
Досымхан Байтуғанұлы, Ойсыл баба Сіргелі діни-мәдени рухани орталығының бас имамы:
«Рамазан айы нығмет пен берекеге толы ай. Сонымен қатар, құран айы. Жиналған адамдар жаратушыға жақындап таңға дейін құлшылық жасауға келді. Бұл бізді қуантады. Міндетті түрде арабшалап құлшылық жасау емес, арабша білмеген адамдар қазақ тілімізде өз тілегін тілеп, жасаған күнәлары болса , кешірім сұрап, отбасына береке-бірлік тілейтін күн. Басында қандай мәселесі болса, осы түні бір Алладан жалынып медет сұраған жөн. Жаратушы иеміз барлық құлдарының дұға-тілектерін қабыл алып елімізде тыныштық болсын. Келесі жылғы қасиетті рамазан айына төрт құбыламыз тең аман-есен жетуімізді нәсіп етсін».
Ауыз ашардан кейін де қалың жұрттың қатары қалыңдамаса сиреген жоқ. Тарауих намазын оқығандар мешіт ішіне сыймады. Тіпті далаға ұзынсонар сап түзеп, құлшылықтарын жасауға асықты.
Жеңісбек Тұрғанов, қала тұрғыны: «Бүгінгі кешті ұйымдастыруға барлығымыз жұмыла кірістік. Келушілердің қарасы қалың болды. Барлығымыздың ниетіміз қабыл болсын. Еліміз өркендеп дами берсін. Әр жылы осылай қасиетті рамазан айын бірге қарсы алып, береке-бірлігіміз жарасып жүре берейік».
Қасиетті түн қарсаңында өңіріміздің барлық медресе қариларының арасында құранды жатқа оқу сайысы ұйымдастырылған. Қатарынан 11 жыл бойы өткізіліп келе жатқан бұл байқауға 6-30 жас аралығындағы 150 қатысушы келген.
Қажымұқан Имамбек, «Айқап» мешітінің білім алушысы: «Мен 7 жасымнан бастап құранға жақын болдым. Қазір 13 жастамын. Құран оқысам жаным тынышталады. Ерекше бір күй кешемін. Достарым да дінге жақын болса деп армандаймын. Менің мақсатым – жеңу емес, осы оқылатын құранның мән-мағнасын түсініп білу болды».
Мешіт имамдарының айтуынша, күн сайын намаз оқып, дұға тілеуге келетін жамағат көп. Оларды жастардың имандылыққа бет бұрғаны қуантады. Айта кетейік, қасиетті түнді бірге қарсы алған жұртшылық сәресін де осында ішіп, бірлікте ауыз бекітті. Қабыл болсын!