Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экотуризмнің баяу дамуына сапасыз инфрақұрылым себеп. Кедір-бұдыр жолдар мен тозығы жеткен электр желілері туристерге қолайсыздық туғызуда. Бұл туралы бүгін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары мәлімдеді.

Өңірдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тамашалауға келушілер легі жыл санап көбейіп келеді дейді мамандар. Туристер саны соңғы 3 жыл ішінде 40 пайызға артыпты. Олардың ішінде тамылжыған табиғатты қызықтау үшін Швейцария, Финляндия, Испания, Ресей елдерінен келген демалушылар да бар.

Шетелдік туристер атпен серуендеуге әуес келеді екен. Күнгейде экотуризмді дамытуға мүмкіндік молынан. Алайда, ерекше қорғалатын аумақтардағы инфрақұрылымның жолға қойылмауы бұл саланы тежеп отыр дейді мамандар. Әсіресе жол мен жарықтың бүгінгі жайы келушілерге айтарлықтай қолайсыздықтар туғызып отыр.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсімдіктіердің 1800-ден аса түрі, оның ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдіктердің 50-ден аса түрі немесе сүт қоректі жануарлардың 40 шақты түрі, құстардың 300 түрі мекен етеді.

Алайда, қызғыштай қорғалуы тиіс аң-құстарды атып, табиғатқа залал келтірушілер айылын жияр емес. «Қызыл кітапқа» енген жануарларға қырғидай тигендердің ісі қазір сотта қаралып жатыр» дейді инсепкция өкілдері.

Маман тапшылығы да экотиурзмді дамытуда қолбайлау. Ерекше қорғалатын аумақтарға келушілерге қызмет көрсететін аудармашылар мен экспедиторлар жетіспейді дейді салаға жауаптылар. Айтуларынша еңбекақының мардымсыздығынан тәжірибелі мамандар тұрақтай бермейді.