Zanmedia.kz

Шымкентте бір отбасын қырып салған күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты анасы мен екі ұлын өлтірген Олег Власкинді өмір бойына соттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сот тергеуі барысында айыпталушының отбасы мүшелерін қалай өлтіргені белгілі болды. Анықталғандай, жас жігіттің мұндай ауыр қылмыс жасауына компьютер ойыны себеп болған. 27 жастағы Олег Власкин мен оның танысы 21 жасар Александр компьютер ойнап, соңғысы сотталушыға 250 мың теңге қарыз болып қалады. Алайда ұтылған жігіт танысына берешегін қайтармайтынын жеткізген. Осыған ашуланып, ақшаны қалай да қайтармақ болған ол ақпанның 8-і күні танысының үйіне барған.

«Есікті оның 12 жастағы інісі ашады. Үйге кірген соң ойында ешбір күдік жоқ баланы аттың ауыр мүсінімен басынан бірнеше рет ұрған. Кейіннен басына полиэтилен пакетін кигізіп, тұншықтырған. Өлгенін білген соң, оның денесін кереуеттің астына жасырып қояды. Араға біраз уақыт салып барып, үйге 50 жастағы анасы оралады. Қылмыскер оны да қолындағы мүсінмен ұрып, жайратқан. Соңынан тосып отырып, танысын да сол мүсінмен өлтірген. Сөйтіп, үйдегі қымбат компьютер мен екі қалта телефонын, 50 мың теңгелерін алып кеткен. Үш адамды да өлтіруге қолданған мүсінді де алып кеткен.

Марқұмдар дәл осы мүсінмен ұрып өлтірілгенін сот-медициналық сараптама да дәлелдеп берді»,- деді істі қараған судья Әбсаттар Шахидинов. Бір үйден үш адамның өлгенін алдымен сол үйдің қызы білген. Ол өзінің туған күніне келмей жатқан туыстарын іздеп, күйеуімен үйіне келеді. Қараса үйдің іші қанға боялған. Содан полицияға хабар берген. Араға екі күн салып барып, ол Тараз қаласынан ұсталған. Алайда тергеудің бастапқы кезінде Власкин прокурормен келіспей, қылмысын мойындағысы келмеген. Бірақ кейіннен бәрін көрсетіп, бастан-аяқ баяндап берген.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы айыпталушының ақыл-есінде психикалық ауытқу жоқтығын, қылмысты қасақана жасағанын растаған. Бірақ компьютерлік ойындарға қатты әуестенген. Сот барысында одан анасы да бас тартып, бірде-бір отырысқа келмеген. Судья жас жігітті қоғамда қалдыру қауіпті деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Жазасын барынша қатаң түрмеде өтейтін болды. Мұндай үкіммен марқұмдардың туыстары да келісіп отыр.