Кореяға кетіп жатыр, талай қазақ баласы

1438

Бүгінде қазақ жастары да шетелге жұмыс іздеп, күнкөріс қамымен ағылып жатыр. Шекара асқан отандастарымыздың қаншасы саяхат үшін емес, нан табуға кеткені де анық белгісіз. Әзірге белгілісі – қазақстандықтардың нәпақа табу мақсатымен аттанатын мемлекеттің бірі Корея Республикасы болып отыр. Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп аттанған жастармен тілдесіп, сондағы тұрмыс жағдайын білдік.

«Күнделікті төлейтін ақшаны естігенде қандай қара жұмысқа да дайын болдым»
Жанасыл Жарқын (аты-жөні өзгертілді) – Түркістанның тумасы. Сондағы А. Яссауи атындағы ХҚТУ-де журналистика мамандығы бойынша оқып, диплом алған. Мамандығына сай Түркістаннан жұмыс таппай, Астанаға аттаныпты. Елордадан мамандығыма сай тәуір қызмет тауып қалармын деп үміт еткен оның бұл арманы да орындалмады. Жарты жыл жұмыссыз жүріп, талай жерге резюмесін қалдырады. Ешқайсысынан хабар болмайды. Сол аралықта құрылыста жұмыс істейді. Дәлірегі, құрылысшының көмекшісі болып, қажет затын тасиды.
«Алатын айлығым 60 мың болды. Уақыт өте келе жоғары білімі бар азаматтарға да жақсы жалақысы бар жұмыс табылуы өте қиын екенін түсіндім. Бойдақпын. Сонда да табысым өзімнен артылмады. Тіпті, жетпеді деуге болады. Отбасын құратын болсам, мүлдем жетпейтініне көзім жетті. Осылай жүргенімде бір танысымнан Кореяға барып, сонда жұмыс істеу жайлы ұсыныс түсті. Студент кезімізде бір бөлмеде бірге тұрған көршілес жігіт сонда кеткеніне бір жылдай болған еді. Бізді шақырды. Күнделікті еңбегіне төленетін ақы сомасын естігенде «қандай жұмыс болса да істеймін» деп бірден келістім»
Осылай ағынан жарылған Жанасыл Кореяға барудың да оңай болмағанын айтады. Өйткені ол жаққа бару үшін де кемі 200-300 мың теңге керек екен.

«Жолақың бар, тағы аздаған қалта шығының болу керек. Осының барлығы әжептәуір ақша. Сол ақшаны жинасам тағы бірнеше ай жүріп қалатын едік. Сонымен бір жақын досымнан қарыз алып, бірден кетіп қалуға бел байладым. Әрине, алғаш барғанда оңай тимейді. Бардық. Біз барған қалашықта шеттен келген жұмысшылардың арнайы офисі бар екен. Танысымыз сонда алып барды. Сол жерге келіп тіркелдік. Ондағы адам бізге жұмыс беруші тауып береді. Ал жұмыс беруші жұмысын істеткеннен кейін ақымызды жаңағы делдалға береді. Ақшамызды да сол делдал арқылы аламыз. Алғашында көше сыпырдық. Кейбір күндері балық тазалаймыз. Қаладағы саябақтардың арам шөптерін де жұламыз. Сондай жұмыстар істедік. Соңына қарай құрылыс саласында тұрақтап қалдық. Қиналамыз, әрине. Бірақ бір күнде 150 долларға жуық ақы алғанда бәрін ұмытамыз. Бұл біз үшін көп ақша. Бірақ жергілікті тұрғындар үшін көп емес. Олар өздері мұндай қара жұмыс істемейді. Істеген күннің өзінде көп еңбекақы талап етеді. Сол үшін де жұмыс берушілерге шетелден келген азаматтарды істету тиімді»
Жанасылдың Кореяда жүргеніне 2 жылдан асыпты. Алғашында корей тілінде бір ауыз сөз білмей барған ол қазір күнделікті тұрмыста қажет сөздерді үйреніп алған. Айтуынша, өзі сияқты Қазақстан азаматтары көп. Әсіресе Сарыағаш ауданы мен Кентау, Түркістан қалаларының жастары өте көп екен. Қазақстаннан барғандардың арасында отбасылы азаматтар да бар. Соңғы кезде қыз балалар да жиі келіп жатыр. Жұмыс іздеп келушілердің көптігінен онда да жұмыс таба алмай жүргендер жетерлік.
«Соңғы кездері Қазақстаннан келетін азаматтар өте көп. Тек өзімнің таныстарымнан жұмыссыз сандалып жүргендері қаншама. Олардың арасында 2000 жылдары туған жастар көбейіп барады. Мұнда Қазақстан азаматтары 30 күн визасыз жүре алады. Ары қарай қалып қойса заңсыз жүрген болып есептеледі. Ұсталып қалған жағдайда депорт қылып елге қайтарады. «Келушілер көбейіп кеткендіктен қазір шекарадан біздің елдің азаматтарын кіргізбей жатыр» дегенді естимін. Шекарадан өту де қатты қиындаған. Білуімше, қайтарылып жатқандар да көп. Тағы бір ескере кететін жағдай, жұмыс істеуге келгеннен кейін тек жұмыс істеу керек. Не дегенмен шетел. Өзіңе өте абай болып жүрмесе қандай да бір жағдайға ұрынып қалатындар бар. Егер заң бұзушылықпен ұсталса, онда шетелдіктерді аямайды. Онсызда заңсыз жүргені қосылып, сотталып кету қаупі де бар. «Сондықтан нақты жұмыс тауып беретін адамдары бар, біраз уақыт осы жақта жүріп, бұл елдің қыр-сырын білетін таныстары болмаса, келмей-ақ қойғандары дұрыс» деп ойлаймын»
Жерлестеріне алаңдаушылығын білдірген Жанасыл шетелде жұмыс істеп те көп ақша табудың да оңай емесін жасырмайды. «Елге қашан қайтасың?» деген сауалымызға тағы бірнеше жыл сонда болатынын айтты.
«Осында жүріп, пәтерге ақша жинап алсам болды қайтамын» деген ол баспаның болса, күнделікті ішіп-жемнің ақшасы елден де табылатынын үмітті.

ОҚО-да 750 мың
жас бар
Облыс халқының
26 пайызын
жастар құрайды

«Жақсы таныстардан жолымыз болды»
Жанасыл Кореяда жұмыс істеп жүрген жалғызбасты қазақстандықтардың бірі десек, сол жаққа отбасымен кеткен отандастарымыз да бар.
Мәселен Жанбота есімді әйел 3 қызын ата-енесіне қалдырып, күйеуімен бірге Кореяға аттанған. «Олардың айы оңынан туды» деуге болады. Өйткені күйеуінің досы Кореяда оқып, білім алған. Оқуын аяқтағаннан кейін сол елде жұмыс істеп, тұрақтап қалыпты.
«Алғашында күйеуім жұмыс істейтін болып, мен бір ай макияж жасаудың курсын оқығаннан кейін қайтатын болғанбыз. Қайынсіңлім де осында оқитын болғандықтан бізге қиындық тумады. Тілден де, жатын орыннан да қиналмадық. Осында Корея Республикасының азаматына үйленген тағы бір туысқанымыз бар еді. Солардың арқасында біз тез жұмыс тауып кеттік. Жолдасым супермаркеттердің бірінде зат орналастырушы болып жұмысқа орналасты. Табысы жақсы. Күніне 200 доллардай ақы алады. Макияж жасаудың бір айлық курсын оқығаннан кейін қайтқым келмеді. Бұл жақта табыс жақсы болғандықтан «мен де жұмыс істесем» деп ойладым. Сөйтіп үйдің жанындағы асханада ыдыс жуушы және тазалықшы болып орналастым. Күніне 100 доллордан кем таппаймын. Шамалы жиналған соң соң ата-анамызға жібереміз. Олар банкке сақтап қояды»
Жанбота танысың болмаса, Кореяға жұмыс істеуге бару қиынның қиыны екендігін айтады. Айтуынша, таныстарының арқасында заңды түрде виза ашқызыпты. Сондықтан да қорқынышсыз жұмыс істейді. Алматыда үйлері де бар. Базардан сауда орны да болыпты. Дегенмен мүмкіндікті пайдаланып, жас кезде көп ақша тапқысы келеді.
«Қайынсіңлімнің оқуын аяқтауына әлі екі жыл бар. Сол уақыт аралығында осында боламыз. Үйреніп те қалдық. Корей тілін де үйреніп жүрміз. Мұнда Қазақстан азаматтары өте көп. Жұмыс таппай сандалып, қиналып жүргендерін көргенде жаның ашиды. Жас балалар көбейіп барады. «Ата-анасы оларды қорықпай қалай жіберіп отыр» деп таң қаламын. Егер сенімді адам болмағанда біз де келмейтін едік. Заңсыз жүрген жерлестеріміздің қаншамасы ұсталып, елге қайтарылып жатыр. Сондықтан да қазір шекарадан өту қиындап кеткен. Мысалы бала-шағамызды алып енем келіп кетті, өткенде. Қатал тексеріп жатқанын айтты. Сондықтан да адамдар осында жүріп үйреніп қалған жақын таныстары болмаса «жай бір танысым немесе досым шақырды екен» деп келуі қиын».

«Үш ай жұмыссыз жатып, елге оралдым»
Ал Асылзат – Шымкент қаласының тұрғыны. Жақын құрбысының шақыртуымен қараша айында Кореяға аттанған. Құрбысы Кореяның бір қаласында қала шетіндегі мата шығаратын фирмада жұмыс істейді екен. Айтуынша, қыз балалары көбінесе түрлі фабрикаларда қара жұмыс немесе асханаларда тазалықшы болып еңбек етеді. Асылзат құрбысының күндік табысын естігенде ойланбастан кетіпті. Алайда, сөзбен айтылғандай оңай табыс жоқ екеніне сол елге барғанда көзі жетіпті.
«Бардым. Достарым қарсы алды. Бірақ жұмыс таппай бірнеше ай сонда жаттым. Мен мүмкін жұмыс тоқтаған мезгілде барған шығармын. Қыста жұмыс берушілер саны азаяды екен. Сол себептен бе, жұмыс таба алмадым. 3 айдан кейін елге қайттым. Өйткені бұл жақта айына 200 мыңдай айлық алатын жұмысым бар еді. Дегенмен соны да жеткізе алмай жүретінмін. Бар ойым – Кореяда жұмыс істеп, пәтер алуыма ақша жинап қайту болатын. Бәрі мен ойлағандай оңай емес екен. «Барыма шүкірлік етейін» деп қайтып кеттім. Бұрынғы жұмысымды істеп жүрмін. Өзге елде сұлтан болғанша өз елімде ұлтан болғаным артық екен»
Иә, Асылзаттың қайтар жолға қаржысы болған. Ал ол жаққа барып не жұмыс таппай не қайтарға ақша таппай екі ортада сандалып қалатындар көп. Біздің азаматтардың қауіпсіздігі алдыңғы орынға шығуы тиіс. Кореяға аттанғандардың бәрі дерлік қыдырып не қызық қуып емес, керісінше көнкөрістің қамымен кеткен отандастарымыз. Дәл қазіргі таңда Кореяда қанша қазақстандықтың жалданып жұмыс істеп жүргені анық белгісіз. Кейіпкерлерімізбен әңгімелесе келе елдегі айлық жалақы өсіп, жұмыс орындары көптеп ашылмайынша, тәуір жалақы үшін шетелге кететіндердің саны арта беретінін түсіндік.

Облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбековаға «шекара асып, Кореяға аттанып жатқан жастармен хабарласасыздар ма, олардың не үшін кетіп жатқандарына зерттеу жүргіздіңіздер ме» деген сауал жолдаған едік. Алайда басқарма басшысы уақыты жоқтығын айтып, жауап беруден бас тартты. Өзіне бағытталған сауалды облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебековке сілтеп жіберді.

Береке Дүйсебеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры:
«Қазіргі таңда еңбек нарығында шектеу жоқ. Барлық азаматтар қайда кім болып жұмыс істейтіні – өз қалауында. Мысалы түрлі бағдарламалар арқылы жаз айларында шет елдерге барып, сол елдің мәдениетімен танысып қана қоймай, өз шамасы жететін жұмыстарды да істейді. Жастарды шетелдің қызықтыратын бір тұсы да осы деп ойлаймын. Мәселен, Түркияда сондай бағдарлама көп. Олардың бірі – біздің жастарды айы-на 180 мың теңге төлейтін жұмысқа шақырған кездері болған. Тек жұмыс істетіп қоймай, тіл де үйретіп, жатын орынмен де қамтамасыз етеді. Сол үшін де ол жаққа кететін жастар да баршылық. Ал, Кореяда ондай бағдарламаның бар-жоғын білмедім. Ол жақта біздің жастар түрлі зауыттарда жұмыс істейді. Енді басты себеп айлық көлемінде болар. Бізде айына 60 мың алса, ол жақта мың доллар табыс табады. Осындай айырмашылықпен, әрине, сол жақты таңдайтыны сөзсіз. Біз жастарды ұстап қалу үшін қаншама мемлекеттік бағдарламаларды ұсынамыз. Сонымен қатар, ол бағдарламаларды насихаттау жұмыстарын жүргізіп, жастарды ақпараттандырамыз. Енді сонда да кетіп жатқан жастарды қинап ұстап алып қала алмаймыз. Қазір шетелге біздің облыстан білім алу үшін ресми кеткен 300-ге жуық жас бар. Олармен үнемі байланыста боламыз. Болашақтың түлектерімен жастарды кездестіріп, еркін сұқбат құрамыз. Біз қолымыздан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ал, өз бетімен саяхаттап немесе жұмыс жасауға кеткен жастарымыздан хабарымыз жоқ».

Жанерке ХУМАР