М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің жаңа ректоры жемқорлықты жоюдың жолын тапқанын айтты

2752

Биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің жылдық оқу төлемақысы өзгеріссіз қалады. Және гранттар саны еселенуі мүмкін. Бұл жөнінде оқу орнына жуырда ғана тағайындалған ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова жорналшыларға берген сұхбатында мәлімдеді.

Айтуынша, қазіргі уақытта университеттегі қоғамға қажетсіз мамандықтар санын шектеп, орнына сұранысқа ие салаларды енгізіп, студенттерге тегін білім беру мүмкіндігін қарастыруға кіріскен. Ал оқу орнын тәмамдаған түлектердің тұрақты жұмысқа орналасуы үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арнайы келіссөздер жүріп жатыр екен.

Бұл бастама — жас маманның еңбекке деген құлшысын арттырып, тәжірибе жинақтауына жағдай жасайды. Және түлектердің жұмыссыз қалмай, іс жүзінде еңбеккерлер қатарын толықтыруын, ай сайынғы зейнетақы қорына түскен теңгесіне дейін ескеріп, қадағалайтын болады. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орны басшысының сөзіне сенсек, бүгінде білім ордасындағы аға оқытушы педагогтардың жалақысының құны да көңіл көншітпейді, осы және өзге де олқылықтың орнын жою мақсатында қазір алдағы 3 жылға ұнысыныс-жоба жасақталуға көшіпті.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры: «Шындығын айтсам, оқу орнындағы оқытушы профессор құрамының жалақысы өте төмен екен. Оңтайландыру арқылы мен бұл мәселені шешіп, еңбекақы мөлшерін арттыруды алдыма мақсат етіп қойып отырмын. Тіпті бұны кестедегі бірінші мәселе ретінде қарастырмақпын! Сосын, университет қабырғасындағы жемқорлыққа жол бермей, тосқауыл болудың да жолын тапқанмын. Яғни, студент жастармен бейресми кездесулерді жиі өткізіп, жиі сырласамын. Менің ойымша, жастармен тығыз қарым-қатынас орнату жемқорлықты ғана  жоймайды, өзге де проблемалардың алдын алады. Ал өмірдің талабы — жаңа мамандықтарды ашуды міндеттеді. Сараптау нәтижесінде, робототехника деген сияқты қоғамға  қажетті мамандықтарды енгіземіз. Әзірге жабдықтау-жасақтау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы бірнеше жылда дайындықты күшейтіп, техникалық базаны реттеп, оқытушы педагогтарды түгендеп, аталған тиісті мамандықтарды ашамыз».

Бұдан бөлек, студенттер жатақханаларының жағдайы да мәз емес, алдағы күндері күрделі жөндеуден өтеді. Және жаңа құрылыс бой көтеріп, заманауи үлгіде студенттер баспанасының саны артпақ. Айта өтейік, биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің қызметін бастағанына – 71 жыл толып отыр. Қазір оқу ордасында 15 500 студент білім алады. Биылғы түлектер саны — 4195.