Редакцияға қоңырау шалатындардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Бірі – өздеріне тиесілі жеңілдіктер жайында білгісі келеді. Енді бірі — жәрдемақы не зейнетақының бірін таңдай алмай отырғандарын айтады. Арасында мүгедектігін дәлелдей алмай жүргендер де бар. Сауалдарды сала мамандарына жолдап, жауабын білдік.
С: Мен мүгедек баланы тәрбиелеп, қараудамын. Зейнет жасқа келген уақытта осы балаға қараған мерзімі зейнетақы есептеуде ескеріле ме?
Оқырман сұрағына ОҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры С.Ахметова жауап берді.
Ж: «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңының 13-бабы 1-тармағы 7-тармақшасына сәйкес, 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелінеді. 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақытты еңбек өтіліне есептеу Сот шешімімен жүзеге асырылады. Осыған байланысты, Сіз 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күту мерзімін дәлелдеу мақсатында сотқа жүгініп, сот шешімін зейнетақы тағайындау барысында ұсынуыңыз қажет.
С: ІІ топ мүгедегімін. Жасыма байланысты зейнетақыға шыққаныма екі жыл болды. 1 шілдеден бастап зейнетақым қанша теңгеге артады?
Сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің бас маманы Б.Ерімбетов жауап берді.
Ж: Сіз екінші топ мүгедегі және жасыңызға байланысты толық емес көлемдегі зейнетақы аласыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан Сіздің зейнетақыңыздың мөлшері 10 127 теңгені құрады. Қолданыстағы заңға сәйкес, егер «Зейнетақы Төлеу Орталығынан» төленетін жасыңызға байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектердің тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы төлеу Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдеріне мүгедектердің осы санаты үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі. Екінші топтағы мүгедектік жәрдемақыңыздың ай сайынғы мөлшері – 43275 теңге. Қосымша төлемнің мөлшері 33148 теңге. Зейнетақы төлемінің мөлшері қосымша төлемдерді қоса есептегенде 2018 жылдың 1 қаңтарынан 43275 теңгені құрайды. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі еңбек өтілі мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес анықталады. 2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 28284 теңгені құрайды. Еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарына дейінгі өтілі мен 1998 жылғы 1 қаңтарынан зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі кіреді. Сіздің 6 жылдық еңбек өтіліңізге сәйкес базалық зейнетақы төлеміңіз 15274 теңгені құрайды (28284 * 54%). Жалпы зейнетақы төлемдеріңіздің мөлшері 58549 теңгені құрайды, базалық зейнетақы төлеміңіздің мөлшері 01.07.2018 жылдан өзгеріссіз, яғни 15274 теңге көлемінде қалдырылады.
С: 1964 жылы туған қызым бала кезінен мүгедек болғанымен, 2008 жылы ғана мүгедектік белгіленген. Өйткені, туылғаннан бастап емдетуге ұмтылдық. Қазіргі таңда ол ІІ топтың мүгедегі, еңбекке жарамсыз. Алайда, ол мүгедектікте байланысты 43 мың теңге жәрдемақы алады. Ал бала кезінен мүгедектік алғандардың зейнетақысы жоғары. Қызымда қайтадан бала кездегі мүгедектікті тағайындауға бола ма?
Оқырман сұрағына аймақтық №15 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің маманы Н. Жанизақов жауап берді.
Ж: Бүгінгі таңда мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу айқындау аумақтық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде ҚР-ның ДСӘД министрінің 30.01.2015 ж. «МӘС жүргізу қағидалары (бұдан әрі-Қағида) туралы» № 44 бұйрығына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама жолымен жүргізіледі. Мүгедектік тағайындау ережелеріне сәйкес, «бала кезінен мүгедектік» 18 жасқа дейін мүгедектік алған азаматтарға тағайындалады. Қызыңыздың 18 жасқа толғанға дейін медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жүгінбеуіңізге байланысты, мүгедектік тағайындау уақыты өтіп, тиісінше, мүгедектік себебі «жалпы ауруынан» «мүгедектіктің бала кезіне» ауыстыру құқығын жоғалтып алғансыз. Қазіргі таңда, жеке оңалту шараларының қосымша толықтыруларына байланысты, Сіз, жергілікті медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне келіп қызыңыздың жеке оңалту бағдарламасын толықтыруыңызға болады.
А. ЕРМЕКҚЫЗЫ