Мақтаралда Өзбекстанмен бірлескен арнайы тұқымбақ ашылады

738
Мақтарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл Мақтарал ауданында 20 гектарға жуық жерге тұқымбақ салынатын болады, — деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Бұл бастама Өзбекстан Республикасымен бірлескен түрде жүзеге асырылмақ.

Осы мақсатта Мақтарал ауданынан арнайы жер телімі бөлініп, Мырзашөл өңірінің климатына қолайлы, жерсінетін дал-дарақтардың көшеттері өсірілмек. Сондай-ақ, аудандағы канал және арық-атыздардың жағалауларына тегіс батпақты сауыр (балотный кипарис) ағашы отырғызылатын болады. Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.

Әзірге аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Өзбекстан жағы бұл ұсынысты тез арада іске асырып, бірлескен тұқымбақ жұмысын жандандыруға барынша күш саламыз деп отыр. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына жақын арада арнайы жер телімін бөліп, акт әзірлеп, зерттеу-зерделеу жұмыстарын бастауды тапсырды.

«Егер аталған жобамыз іске асса, аудан климатына қолайлы тал-дарақтарды өсіру қолға алынатын болады. Бұл біріншіден, Мырзашөл топырағына жерсінбейтін, өсу көрсеткіші төмен, сапасыз көшеттерге жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге септігін тигізеді. Екіншіден, ауданды абаттандыру, көгалдандыру мақсатындағы облыс әкімінің «Шатқал» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді Жамантай Қанайұлы.

 

 

Мырзашөл өңірінің климаты континенттік саналады. Мұнда қыс өте қысқа, біршама жұмсақ, ал жазы ыстық, аңызақты болып келеді. Осыны ескерген аудан басшысы алдағы уақытта өңірдегі батпақты жерлерге батпақты сауыр (балотный кипарис) ағашын отырғызу қажеттігіне тоқталды. Аталған ағаш оттегі жоқ, батпақта, сазды жерлерде жылына 2,5 метрге дейін өседі. Қабығы жұқа болады. Ағаш діңіне жабысып өскен сүйесіннің (орхидия) ауа тамырлары негізінен ағаш қабығынан сырғып аққан су мен жаңбыр суын сіңіреді.