Медицина қызметкерлеріне 27 жедел жәрдем көлігі табысталды

524

Оңтүстіктің медицина қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтуді бастап кетті. Бүгін салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Ж.Түймебаев денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін марапаттады.

«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі мен ОҚО әкімінің Құрмет грамотасы, «Алғыс хаты» табысталды. Мамандығына адал ақ халатты абзал жандардың бірқатарының кеудесіне «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері тағылды.

 

 

 

 

 

Ең басты сыйлық, мерекеге орай, облыс басшысы күнгейдегі ауруханалар мен емханаларға 27 жедел жәрдем көлігінің кілтін салтанатты түрде табыстады. Бұл жаңа көліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған барлық қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген.

«Адам жанының арашасы болып табылатын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан біздің облысымызда бұл  салаға бөлінетін қаржы жылдан жылға артып келеді. Соның арқасында біздің медициналық мекемелеріміз ең озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып, емдеудің тиімді тәсілдері қолданылып келеді»- деді облыс әкімі салтанатты шарада.

ОҚО – да адам жанының арашашысы боп 7 мыңнан астам дәрігер қызмет етсе,  медбикелердің саны 25 мыңнан асып жығылады. Кәсіби мерекелерін күнгейдің медицина қызметкерлері толағай табыстармен қарсы алуда. Мәселен, Оңтүстікте өмір сүру ұзақтығы 72,6-дан 72,9 дейін артқан. Жалпы өлім-жітім 5,3-тен 5,1 дейін төмендеді, ана өлімінің көрсеткіші 1,5% -ға (ҚР-да 4 орын), нәресте өлімі  13 пайызға (ҚР-да – 10 орын), туберкулезден болатын өлім  14,8 пайызға (ҚР-да 13 орын) төмендеген.