Мырзашөлдіктер марқайып қалды

515

Өңірдің әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды. Мақтарал ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде болатын Мақтаарал ауданы болып бөлінді. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мырзашөлдіктерді осынау тарихи оқиғамен құттықтап, салтанатты жиынға қатысты.

Бұл еңбекке бейім, шаруаға төселген мырзашөлдіктердің күнделікті тұрмысы. Шебер өнерпаздар аграрлы салада алдыңғы орында келе жатқан аудан мақтанышын шағын ғана театрландырылған қойылымға сыйғызыпты.

Жергілікті жұртқа құттықтауын жеткізу үшін сахнаға көтерліген аймақ басшысы тарихи оқиғаның маңызына тоқталды. Елбасы Жарлығын оқып, Мырзашөл жұртшылығын қуанышқа бөледі.

Бұл күні елге еңбегі сіңген азаматтар марапатталды. Қарлығаш Көпбаева 25 жылдан бері жергілікті ауруханада бас мейірбике болып жұмыс істейді. Тұрғынның тарихи шешімнен күтері көп.

Қарлығаш Көпбаева, Жетісай қаласының тұрғыны: «Елдімекендерді газбен, сумен, қамтып, жол төсеу сияқты жұмыстар ілгерілей түседі. Әр отбасы мүшелерін асырайтындай жұмыс орындары көптеп ашылады. Қазір қайда барсаң да кезек күту. Осыдан құтылатын шығармыз…».

Айта кетерлігі, енді жаңа құрылым бойынша Жетісай ауданының аумағы — 104 428 гектарды, халқынының саны — 172 903-і құрайды. Құрамында 13 ауылдық округ пен 113 елді мекен болмақ. Орталығы- Жетісай қаласы. Ал Мақтаарал ауданының аумағы 80 970 гектарды құраса, халқының саны — 131781. Ауданда 11 ауылдық округ пен 69 елді мекен қарамағында болады. Орталығы — Мырзакент кенті.

Cұлтан Тәшімұлы, кәсіпкер: «Аудандардың бөлінісі халық үшін тиімді. Әлеуметтік мәселелер тез шешіледі. Халық уақыт жұмсап, орталыққа сабылмайды. Қуаныштымыз. Үмітіміз көп».
Мырзашөлдіктер салтанатты шараға барын салды. Бұл күні дархан көңіл халықтың да қуанышында шек болмады. Мырза даланы әуезді әнмен тербеткен өнерпаздармен бірге би билеп, мәз-мейрам болысты.