Оңтүстік Қазақстан облысында «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының «Men qazaqpyn» телевизиялық мега жобасының ауданаралық іріктеу кезеңі аяқталды. Мамыр айының 17-жұлдызында Бәйдібек, Созақ аудандарынан бастау алған сайыс аймақтағы 14 ауданды толыққанды қамтып, 29-мамыр күні Шымкенттік өнерпаздарды саралаумен қорытындыланды.

Аталған жобаға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қолдау білдіріп, байқаудың өңірде жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып отыр. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ontustik» телеарнасының директоры Бауыржан Бердімұратов мәлімдеді.

Қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-терме мен күйді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, насихаттауға бағытталған жобада 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздар бақ сынады.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділхановтың айтуынша, байқауға 14 аудан мен Шымкент қаласынан жалпы 213 үміткер қатысқан.

«Облыстағы барлық ауданнан дара шауып үздік шыққан 40 өнерпаз келесі кезеңге жолдама алды. Енді 5-маусым күні Шымкент қаласында өтетін байқаудың қорытындысы бойынша республикалық жарысқа үш өнерпаз ғана жолдама алады. Облыстың жарыста әр сала бойынша арнайы мамандар төрелік жасап, кіл мықтыларды сұрыптайтын болады», – деді Нұрлан Ыдырысұлы.

Ұлттық жобаның өңірдегі іріктеу кезеңдері, байқауға қатысып жатқан өнерпаздар, жеңімпаздар туралы ақпарат және жалпы жарыстың өту барысын «Ontustik» телеарнасы ұдайы тікелей эфирде көрермендерге жариялап келеді.

Айта кетерлігі, жобаның республикалық айналымында жеңіске жеткен жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталатын болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі