Күнгейде қайырымдылық жасаушы жомарт жандардың қатары артып келеді. Биылғы рамазан айында мұқтаж жандарға көмек көрсетуші азаматтардың қатары еселене түскен. Бұл жөнінде қаламыздағы мешіттердің имамдары айтып, марқая мәлімдеді.
Мәселен, еңбектің ебін, сауданың көзін тапқан жергілікті кәсіпкер Саухан Аташбекұлы, тапқан табысының бір мөлшерін жоққа санап, жоқ-жітікке көмек қолын созды. «Айтбай-ата» мешітінде өткен шарапаты мол шараға біз де қатысып, қайырымдылық қадамының куәгері болып қайттық.
«Ол кісінің жасаған жақсылықтары көп, көмегін аяған емес. Мешіттерге келіп, зекетін беріп жатыр. Ерекше алғысымды айтамын. Алла разы болсын!», — дейді қала тұрғыны Саяра Исламбаева.
Оңтүстіктің тумасы, жеке кәсіпкер Саухан Аташбекұлы бұған дейін төрт бірдей мешітте қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, елдің ықыласына бөленді. Бүгін де игі шара өз жалғасын тауып тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға және өзі басшылық ететін мекемедегі әлеуеті әлжуаз топқа қолқабыс жасады. Мұқтаж азаматтарды азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтып, жетім-жесірлерге қаржылай көмек көрсетті. Игі ісін сауаппен сабақтастырған ел ағасына дүйім жұрттың айтар алғысы да шексіз.
Өзгенің қайғысын жеңілдету – адамдық қасиеттің ең ұлысы. Басты мақсат – біреудің біреуден төмен екендігін көрсету немесе жасаған амалынан абырой табу емес, адамдардың жүрегіне имандылық пен мейірімділік, адамгершіліктің нұрын себу. Бүгінгі ұрпақ — алдыңғы аға буынға қарап, бой түзейді.
Мұсабек Ақтамберді, ОҚО өкіл имамының орынбасары: «Жамағаттың діни сауаттылығының артқандығы байқалады. Себебі Алланың қасиетті кітабы мен Пайғамбарымыз (с.а.у) сүннетіне амал жасаушы жұртшылықтың қатары жылдан жылға артып келеді. Құлшылық ғибадатта болсын, мынау жақсылық жасау, ізгі амал жасау — жетім-жесір, мұқтаж жандарға көмек қолын созуда да аянып жатқан жоқ. Шүкір!».
Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Игі шара арқылы өзгені жақсылыққа, адалдыққа үндеген ел ағасы Хақ Тағаланың разылығы үшін бұл бастаманы әлі де жалғастырмақ ниетте.
Саухан Аташбекұлы, жеке кәсіпкер, демеуші: «Шымкент қаласында, Түркістанда біз зекет беріп жатырмыз. Жыл сайын қолға алып, мұқтаж жандарға қарайласып келеміз. Ал қасиетті айда ораза ұстап, сауапқа кенелген жандарға менің де алғысым шексіз. Қоғамды жақсылыққа үндейтін, жақсы тәрбие беретін имамдарға рахмет! Өзге де кәсіпкерлерге айтарым жағдайы жоқ азаматтарға көмектесуді — парыз санайық».
Осылайша жаны жомарт жан Саухан Аташбекұлы бір емес, 200 отбасыға көмек қолын созып, зор құрмет көрсетті. Шарапаты мол шараны ұйымдастырып, қасиетті айда қарашаға қуаныш сыйлаған Ел ағасы бұл бастама өзгелдерге үлгі болып, жақсылықтың аясы артқанын қалайды.