Оңтүстік Қазақстан облысында 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай бір мезетте жас музыканттардың екінші «ШАБЫТ» шеруі болып өтті. Елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін биылғы шеруде облыс бойынша 200 мыңға жуық оқушы қатысуда.
Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өткен шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарға қолдау көрсету және мүмкіндіктер әлеміне жол бастау мақсатында игі істер атқарылуда. Соның бірі және бірегейі бүгінгі «Шабыт» Шеруі. Шеру – бұл біздің еліміздің барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін және ұстаздар мен олардың шәкірттерінің жетістіктерін барша халыққа насихаттау арқылы мекемелердегі ұжымға шабыт сыйлайтын кең көлемді республикалық акция. Шерудің басты мақсаты эстетикалық және патриоттық тәрбие факторы ретінде балалардың салтанатты көше-фестивальді Шеруін қолдау және дамыту болып табылады», — деді Ж.Түймебаев.
Жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруіне қала бойынша 20 мың оқушы қатысты. Сонымен қатар 200 мектеп оқушы «Мен қазақпын» әніне флешмоб ұйымдастырды. Музыкалық-театрландырылған шеру балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, балалық шақ мейрамының айрықша әсерін есте қалдырды.
Айта кетейік, 2016-2017 жылдар аралығында 370-ке жуық өнерпаз балалар халықаралық деңгейде өткен байқауларға қатысып, 174 жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мектеп және колледж оқушылары арасында 52 спорт түрінен ІХ жазғы спартакиада өтуде. Оған 28 ОҚО құрама команда қатысып, оның 15-і бірінші орынды, ал 5-уі екінші орынды иеленсе, үшінші орынды 5 бала иемденді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі