Оңтүстікте менингит ауруына қарсы вакцина жоқ. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Салаға жауаптылардың сөзінше, күнгейде менингит ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сондықтан екпе салудың қажеті жоқ деп санайды санитарлық дәрігерлер. Сондай-ақ белгілі болғандай, инфекциялық аурудан 2 адам көз жұмған. Оның бірі екі жастағы, бірі жеті жастағы бала. Тағы да екі адамда ауру анықталып, дәрігерлердің бақылауынан өткен.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2018 жылдың 5 айында 4 жағдай менингококкты инфекциясы тіркелген. Ауырғандардың ішінде 2 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар (7 жасар және 2 жасар) арасында, ересектер 32 және 36 жастағылар.
2018 жылдың 5 айында тіркелген жағдайлар: қаңтар айында – 1 жағдай, наурыз айында — 1 жағдай, сәуір және мамыр айларында – 1 жағдайдан тіркелген.
Ауырғандардың 2 жағдайы, екеуі де балалар арасында өліммен аяқталды, 2 науқас ауруханадан емделіп шығарылды. 2 — өлім жағдайы бойынша балаларда ауру жедел басталған, медициналық көмекке кеш қаралған, үй жағдайында дәрігерлік нұсқаулықсыз өзіндік антибиотиктер, басқада дәрілер қабылдаған.
Барлық тіркелген жағдайлар бойынша індетке қарсы іс шаралар жүргізілді, ошақтарда (үй, оқу орыны) 505 қарым-қатынастағылар тексеріліп, үй ошақтардан жұғу көздері ретінде 2 тасымалдаушы анықталды. Профилактикалық мақсатпен бекітілген халық санаттарынан 3 362 адам тексеріліп, 2 менингококк тасымалдаушысы анықталды. Тасымалдаушы ретінде анықталғандарға ем жүргізілді.