Сарыағашта тәжірибе мен теория үйлескен сабақ өтті

500

Тәжірибе мен теория үйлескен сабақ. Сарыағаш ауданында қысқа мерзімді қайта даярлау курстарының қатысушылары сұранысқа ие мамандықтарға машықтанып, білген-түйгендерін тәжірибемен ұштастыруда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясындағы курс дәрістеріне шетелдік ғалымдар арнайы шақыртылды.

Жаңғақ өсірудің өз қыр-сыры бар. Қысқа мерзімді оқыту курсында көкөніс өсірушісі мамандығына машықтанып жүрген Рыскүл Қушманбетова ресейлік ғалымнан дәріс алуда. Тәжірибелі агроном жаңғақ өсірудің соңғы технологияларын үйретіп, мол өнім алудың жолын көрсетті. Жұмыссыз жүрген тұрғын жанына жақын кәсіпке ден қойып, алдағы уақытта өз ісін бастауды көздейді.

Рыскүл Қушманбетова, бағдарлама қатысушысы: «Болашақта жеке бизнес ашуды жоспарлап отырмын. Бұл семинарда көп нірсе үйрендік. Жаңғақтың түрлі сорттарының барын білдік. Улауды үйрендік, улағанда тез өнім алуға болатынын түсіндік».

Былтырғы жылы өңір басшысы қолға алған «Әр ауылға өз шебері» бастамасы бүгінде Сарыағаш ауданында жұмыссыздықты жойып, кадр тапшылығының орнын толтыруда. Былтыр қысқа мерзімді оқыту курстарына 1,5 мыңнан аса адам жолданған болса, биыл мыңнан аса тұрғын ауданға қажетті түрлі мамандықтар бойынша білім алады дейді салаға жауаптылар. Айтуларынша, аз уақытта белгілі бір мамандыққа машықтанғандардың 65 пайызы бүгінде жұмыспен қамтылып, тіпті өз кәсібін де ашып үлгерген.

Динара Динашева, Сарыағаш ауданы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры: «Биылдыққа 1 190 азаматты қысқа мерзімді оқыту курсына жолдау жоспарланған. 1090 тұрғынды облыс әкімінің «Әр ауылға өз шебері» бастамасы аясында түрлі мамандықтар бойынша оқуға жіберілді. Тігінші, аспаз, автоэлектрик, сылақшы сияқты мамандықтарда оқып жатыр».

Бұл «Даму» орталығының қысқа мерзімді оқыту курсында білім алып жатқан жергілікті тұрғындар. Олар Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Молдавия елдерінен келген ғалымдардан сабақ алуда. Гүл өсіруші, көкөніс өсіруші сияқты ауданға ауадай қажетті мамандықтар бойынша білім алып жатқан қатысушылар теориялық негізде алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруда.

Жұлдыз Уәлиханова, » Даму» жеке тұлғаны дамыту орталығының директоры: «Бүгінгі оқуда катысушылар көп дүниенің үйренді. Ағаштарды улау, жерсіндіру сияқты процестермен етене танысты. Мақсат — болашақта қатысушылар гүл өсіруші, көкөніс өсіруші сияқты кәсіптердің қыр-сырын меңгеріп алған соң өз ісін бастап, жұмыспен қамтылуына жол ашу».

Айта кетейік, биыл облыста 4800 адам кәсіптік білім алуға, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 7200 азамат тартылатын болады. Кәсіптік білім алуға жолданғандар техникалық колледждер базасында 2,- 2,5 жыл оқиды. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары 3 -6 ай мерзімге ұйымдастырылған.