Шымкентте оққа ұшқан полицейлерге арналған ескерткіш тақтасы ашылды

633

Шымкенттегі Түркістан облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының ауласында қызмет бабында қаза болған полицейлердің құрметіне ескерткіш ашылды. Салтанатты жиынға облыс және Шымкент қаласының әкімі, сонымен бірге, қаза болған полицейлердің туыстары келді. Осы күні полицейлердің төл мерекесіне орай мерекелік жиын да өткізілді. Еңбегімен еленген тәртіп сақшылары марапаттарға ие болды.

Бұл қызметтік міндеттерін орындау барысында ерлікпен қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткіш. Қызмет барысында қауіп-қатермен бетпе-бет келетін сақшылары өз ісіне адал болып қалған ержүрек әріптестерін еске алды.

Салтанатты шарада Жансейіт Түймебаев елдің тыныштығы үшін өз өмірлерін қиған полицейлердің отбасыларына алғысын жеткізді. Ал жас тәртіп сақшылары осы тарихи сәтке куә болғандардың алдында — өздерінің де қандай да бір қиындықтарды жеңуге дайын екенін білдіріп, сап түзеп өтті.

Облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков: «Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде қызметтік борышын атқару кезінде 709 полиция қызметкері өмірден өткен. Оның ішінде 23-і – оңтүстікқазақстандық сақшылар. Біздің қызметіміз ауыр қатерсіз болмайды. Бүгін біз өмірінің соңғы сәтіне дейін қызметіне адал болып қалған әріптестерімізді еске аламыз. Біз өзінің өмірін заңның дұрыс орындалуы, бейбітшілік пен тыныштық орнау үшін қиған жандарды мәңгілік есте сақтауымыз қажет. Олардың ерліктерін және табандылықтарын үлгі ете отырып, бірнеше буын полиция қызметкерлері тәрбиеленетін болады. Қызмет барысында қаза тапқан әріптестерімізге біздің тарапымыздан қашанда лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Олардың есімі полиция тарихында алтын әріптермен жазылып қалады».

Қазақстан Полициясы күніне арналған салтанатты жиын марапаттау рәсіміне жалғасты. Ел басшылары мен құрылым жетекшілері, сала ардагерлері құттықтап, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен қиын да қызықты жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Осы күні 200-ден астам тәртіп сақшыларына грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Соның ішінде Облыстық ІІД –нің 3 қызметкеріне ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен Полиция полковнигі шені берілді.