Шымкентте тағы бір демалыс орны ашылмақ

908

Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыруды қолға алған жергілікті басшылар енді Шымкент каналының екі жағалауын да көпшілік серуендейтін орынға айналдырмақ. Жазда тамшы су болмайтын, ал көктем мен күзде жауын суы ағатын каналдың бойы енді көкмайсаға оранып, демалыс орны болмақ.

Ұзындығы 20 шақырымға жуық Шымкент каналында бүгінгі таңда су мүлдем жоқ, есесіне қоқысқа толып қалдық сулар сасып жатыр. Миллионға жуық тұрғыны бар мегаполис үшін шаһарда бар демалыс орындары жеткіліксіз деген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы каналдың екі жағалауын абаттандыру үшін тапсырма бергеніне бір айға жуықтады.
Алғаш Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары канал жағалауында бейберекет орналасқан гараждар мен сарайларды бұзды. Енді аяқжол төсеп, жарықшамдар қоя бастады. Тіпті мұнда алғашқы гүл аллеясы да пайда болыпты.

11 және 12 шағынаудан аралығында абаттандырылып жатқан каналдың ұзындығы 250 метрді құрайды. Мұнда негізі көпқабатты үйлер көп. Бұған дейін қордаланған қоқысқа көздері үйренген тұрғындар соңғы жаңалықты көріп қуанып жүр.

ТҮКШ бөлімі мамандарының айтуынша 20 шақырымға созылған каналдың жағалауы толық абаттандырылмайды. Тек демалыс орнына ыңғайлы жерлері іріктеліпті. Тағы бір мәселе каналға су жіберу. Бүгінде каналдың тек екі шақырымы ғана бетондалғандықтан өзге аумағына су жіберу қауіпті екен.

Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов: «Наурыздағы каналдың құбырын осы каналға бұруға мүмкіндік бар. Бұл тек әзірге жоспар ғана» дейді.

Қалай болғанда да бұрын қараусыз жатқан жерлер қолға алынып көпшілік игілігі үшін пайдаға аса бастады. Бұл да болса мегаполис дәрежесін алған қала үшің жақсы бастама.

Нұрлан Күдерұлы