Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент қаласының депутаттары бүгін алғашқы сессиясын өткізді. Сессияда қала әкімдігінің құрылымы бекітілді. Оған қаланың жаңа әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, қаланың алдағы уақытта даму жоспарымен бөлісті.
Сессияға қатысқан 25 депутат күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырмас бұрын Шымкент қаласының жаңа әкімін тағайындалуымен құттықтады. Қайта тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов шаһарды көркейтіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда бірлесе жұмыс істейтінін жеткізді.
Шымкент қаласында 22 басқарма және ревизиялық коммисия жұмыс істейді. Бұған дейін қала әкімдігіне қарасты 15 бөлім, енді Тұрғын үй инспекциясы мен тұрғын үй қатынастары бөлімі біріктірілуі негізінде 14 басқарма болып қайта құрылды. Оған тағы 8 жаңа басқарма қосылады.
Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жаңадан тағы да 8 басқарма құрылады. Олар – Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Қаржы басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші қон басқармасы, мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы».
Сессияға қатысқан қала әкімі кадр мәселесін де қозғады. Қазіргі кадрлармен бұған дейін де тығыз жұмыс істегендіктен, оларға деген сенімінің мол екендігін және Елбасының тапсырмасын орындауда үш қағидаға сүйенетіндігін жеткізді. Ол — әділдік, қарапайымдылық және тазалық. Мұны ұстанар болса, елдің көңілінен шығары даусыз.
Республикалық маңызға ие миллионер қалада атқарылатын жұмыстар қыруар. Депутаттар мен әкім бастаған басшылар «бірлесе жұмыс істейміз» деген келісіммен тарқасты.
Нұрлан Күдерұлы