Шымкенттің миллионыншы тұрғынына пәтер табысталды

492

Ж.Түймебаев, облыс әкімі: «Дүние жүзінің майталмандары қатысқан Астана экономика форумында Шымкент қаласы миллион тұрғыны бар қала деп жарияланды. Сол жарияланған күні дүниеге келген Айсұлу нәресте Шымкенттің миллионыншы тұрғыны деп танылды. Айсұлудың тегі Еламан екен. Еліміз тыныш, Елбасымыз, жұртымыз аман болсын!»

Қазақстанның үшінші мегаполисі деп танылған Шымқаланың миллионыншы тұрғыны -Еламан Айсұлу Саматқызы. Облыс әкімі салтанатты түрде жаңа пәтер кілтін табыс етті.

Еламановтар әулетінде бүгін той. Тұңғыштары Айсұлу Шымкенттің миллионыншы тұрғыны болып танылып, күтпеген жерден пәтерлі болған ата-ана шаттығында шек жоқ. Медицина қызметкері мен банкирдің отбасында дүниеге келген нәрестені анасы қасиетті қыз дейді.Тұңғыштарының тойы ұзаққа созылғанына қуанышты.

Айжан Ахайбекова, анасы: «Құлағында түймесі бар. Басқа балаларда сирек кездеседі екен. Перзентханадағы дәрігерлер де таң қалып, «Түймегүл» деп атап кетті кішкентайымды. Осы уақытқа дейін ата — енемізбен 8 жан бір пәтерде тұрып келдік».

Миллионыншы тұрғынға шашу сыйлық, жаңа қонысты «Отау строй» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов сыйға тартып отыр. Оңтүстіктің өркендеп, Шымқаланың көркеюіне үлес қосу азаматтық борышым деп білетін қайырымды азамат бұл жолы да қалыс қалғысы келмегенін айтады.

Қайрат Молдасейітов, «Отау строй» компаниясының президенті: «Қаланың тағдыры мені әрқашан да толғандырады. Кезінде әкім де болдым осы қалада. Шымкент үшінші мегаполис деп танылған тұста бей — жай қарамауға бекіндім. Миллионыншы тұрғынға жаңа пәтер берсек деген шешімге келдім. Қаланың қарқынды дамитынына сенімдімін. Мемлекеттік маңызы бар қалаға айналу үлкен мәртебе. Облыс орталығы Түркістан қаласы болды. Оңтүстік өңіріне үлкен инвестиция келеді деген сөз».

Жаңа қоныс жаңа мақсаттарға жетелері анық. Алпыс шаршы терлік, екі бөлмелі пәтерлі отбасы үшін де болашаққа нық сеніммен қарауға серпін бергені сөзсіз.