Редакциямызға қоңырау шалған оқырманымыз Несібелі Көпбаева: «Облыстық онкологиялық аурулары диспансерінің дәрігерлеріне дән ризамын» деп, аталған аурухананың дәрігерлеріне алғысын жаудырды. Айтуынша, өзінің сүйіп оқитын газеті арқылы аталмыш мекеменің ұжымына ыстық лебізін білдіргісі келіпті. Осы ретте біз Несібелі Көпбаеваны ауруханаға арнайы іздеп барып, хал-жағдайын көріп, білдік.
66 жастағы Несібелі Көпбаеваның ауруханаға жатқанына көп уақыт өте қоймаған. Ол ағзасында пайда болып келе жатқан дерт туралы осыдан 4-5 ай бұрын біліпті.
– Көкірек тұсым қатты ауырды. Алайда ешқандай белгі болмағандықтан дәрігерге қаралмадым. Оның үстіне дәрігерге қаралудан қорықтым. Енді міне ота бөлмесінен бірақ шықтым,-дейді ол.
Дәрігерлер оған «сүт безі ісігі» деген диагноз қойыпты. «Алғашқы сатысы болғандықтан емдеу де оңай»,- дейді мұндағылар. Яғни, көкіректі сақтап, ісіктің өзін алып тастаған. Енді үзбей ем қабылдап жатқан Несібелі Көпбаеваны жақын күндері үйіне шығарады.
Келесі кейіпкеріміз – Света. Әп сәтте төсекке таңылған ол барша қыз-келіншекті медициналық тексеруден өтуге шақырады.
– Учаскелік дәрігерім «жасыңызға байланысты скринингтен өту керек» деді. Ойымда ешнәрсе жоқ, тексеруден өттім. Екі-үш күннен кейін дәрігерім қайта шақыртып алып, осында УДЗ-ге түсуге жолдама берді. Мұнда тексере келе «иненің көзіндей түйін» бар деді. Шұғыл түрде ота жасау керек екен. Төбемнен жай түскендей болды. Абдырап қалдым. Бірақ бірден келістім. Себебі, абысыным дәл сүт безінің қатерлі ісігінен көз жұмған еді. Ол дәрігерге қаралмайтын. Ісігі барын да білмеген. Үнемі моншада буда отыратын. Ащы тағамдарды жейтін. Салауатты өмір салтын ұстанбаған. Сөйтіп жүріп, ауруын асқандырып алды. Ақырында бақилыққа аттанды,- дейді Света.
Ол дер кезінде тексеруден өткеніне қуанышты. Жүрген жерінде скринингтік тексерудің пайдасы зор екенін айтудан танбайды.
Онкологиялық диспансердің Маммология бөлімшесінің меңгерушісі Қазбекхан Сыздықовтың сөзінше, сүт безі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде көш бастап тұр. Дәрігер аталмыш аурудың жасарып бара жатқанына да алаңдаулы. Бұрындары бұл қатерлі ісік түрі 50 жастан асқан әйелдер арасында жиі кездессе, қазір 25-29 жас шамасындағы келіншектерде де анықталып жатыр. Бұл дертпен көбіне 45-49 жастағы әйел кісілер жиі ауырады екен.
– Скринингтік тексерудің пайдасы зор. Аталған тексеру арқылы ауруды бастапқы сатысында анықтауға қол жеткізіп отырмыз. «Бұл науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді» деген сөз. Екіншіден экономикалық тұрғыда да тиімді болып тұр. Себебі, III-IV сатымен ауыратын 1 науқасты емдеуге — 25 млн теңге, I-II сатымен ауыратын дарға 5 млн теңге жұмсалады. Қай жағынан алып қарасақ та, скринингтік тексерудің пайдасы көп. Сондықтан да, тексеруден қорқықпай, керісінше скринингтен өту керек,- дейді Қазбекхан Сыздықов.
Биыл скринингтік тексеруден өтуге орын көп бөлінген. Мәселен қазір облыстық онкологиялық диспансерде онкологиялық аурулардың 3 түріне скринингтік тексеру жүргізіліп жатыр. Біріншісі — сүт безіне 95 мың орын, екіншісі — тоқ ішектен 103 мың орын бөлінсе, үшіншісі — жатыр мойын ісігіне 120 мың адам облыстық онкологиялық диспансерінен тексеруден өте алады.
Айжан Ермеккызы