Қарлы аумақтағы кедергілерді болдырмау үшін салынып жатқан тоннель құрылысы бітуге таяу. Халықаралық автобанның оңтүстік бөлігіндегі тоннельде екі бағытқа арналған екі өткел болады. Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылы маңындағы тоннель ағашты кесіп, тауды тесіп салынуда. Белгілі себептерге байланысты біраз уақыт құрылысы тоқтап қалған тоннельде бүгінде қыз-қыз қайнаған жұмыс.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің жалпы құны 8,5 млрд. теңге. Екі бағытты өткелдің ара қашықтығы 860 метрді құрайды. Бүгінде мұндағы құрылыстың тізгінін әзірбайжандық«Евраскон» компаниясы алған. Еліміздегі теңдесі жоқ халықаралық талаптарға сай салынған бірінші санаттағы тоннель болмақ.

Данияр Камалов, «Оңтүстік жол зертханасы» ММ сарапшысы: «Ирандық компания 2014 жылы тоннель құрылысын бастаған болатын. 2016 жылы ирандық компанияның қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысы бір жылдай тоқтап қалды. Ары қарай жаңадан тапсырыс беруші автомобиль жолдары комитетімен мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, әзірбайжандық «Евраскон» компаниясы жеңімпаз деп танылды. Осы жылдың басынан солар жұмыс жүргізіп келе жатыр».

Мұнда жұмыс атқарып жатқандардың дені жергілікті жұмысшылар. Орташа жалақы көлемі 100 мың теңге. 200-ге жуық жұмысшы тарихта болмаған тоннельді салу үшін тер төгуде.

Зеки Сатыджыоглу, мердігер компанияның маманы: «Халықаралық маңызы бар жол бойындағы тоннель пайдалануға берілгеннен кейін кепілдік мерзімі 4 жыл делінгенімен, жарамдылық мерзімі – 100 жыл. Мұнда халықаралық талаптарға сай құрылыс материалдары пайдаланылуда. Тоннельдің ішінде апат болған жағдайда зардаптарды жоюға лайықталған кішкене тоннель де бар. Бұл халықаралық талаптарға сай бірегей тоннель болмақ».

Ақжол Анарқұлов, жұмысшы: «Жұмысымыз жақсы, айлық уақытылы береді. Ешқандай шағымымыз жоқ. Қиналатын жұмыс жоқ. Бетон қабылдаймыз, арматура тоқимыз».

Бүгінгі күні мұнда жасанды арканың монолитті бетондау жұмыстары жүргізілуде. Елімізде бұрын соңды мұндай тоннель салынған емес. Яғни, біреу ғана, әрі бірегей. Арнайы жол белгілері, жарықтандыру, желдету жүйелері болады. Бүгінде мұнда жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Мамандар 2019 жылдың сәуір айында тоннель құрылысын толық аяқтап, пайдалануға бермек.

Гүлжан Көшерова