Түркістан облысының дамуы қалай жүзеге асырылмақ?

1762
Түркістан облыстық әкімшілігінің ғимараты

Елбасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Жарлығына жақында ғана  қол қойды.

Мемлекет басшысы Жарлыққа жария түрде қол қою салтанатында Шымкенттің Астана мен Алматы секілді тұрғындарының саны бір миллионнан асатын қалаға кіргенін атап өткен болатын. Осылайша, Шымкент республикалық маңызды  шаһарға айналып, облыс орталығы болып Түркістан бекітілді.

Облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіпов Түркістанда салынатын нысандар жайлы баяндауда

Облыс атауы да Түркістан облысы болып өзгертілді. Естеріңізде болса, өңірдегі аудан-қалалардың ішінде Түркістан қаласының бас жоспары осыдан 8-9 жыл бұрын бірінші болып бекітілген еді. Енді міне, сол бас жоспар нақтыланып, көне қала Түркістан облысының орталығы ретінде көркейе түспек.

Онда бой көтеретін әкімшілік іскерлік орталығы, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және өзге де стратегиялық маңызға ие нысандардың, ғимараттардың құрылысы қолға алынбақ.

Ол жөнінде бізге облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіпов айтып берді: «Қазірдің өзінде  Түркістан қаласының  халқы 160 мыңнан асып кеткен, бұл   бекітілген нормативтерден артық. Аумағы 35 мың гектар болып белгіленіп отыр. Облыс орталығы болған соң өздеріңіз білесіздер, әкімшілік іскерлік  орталығы болу қажет.

Түркістандағы әкімшілік-іскерлік орталығы (жоба)

Ол жерде әкімшілік ғимараттан бастап облыстық прократура, сот, ішкі істер барлығы осында болады. Одан басқа да әлеуметтік нысандар, мектептер көбейеді. Бірінші кезеңде, әкімшілік іскерлік орталығы салынады, бұл жоба  бойынша  670 гектарды белгілеп отырмыз.

Әкімшілк іскерлік орталығында тек қана ғимараттар ғана болмайды, бұл жерде  жаңа үлгідегі  көпқабатты  тұрғын үйлер салынады. Бірінші кезең 2018-2020 жылды қамтыса,  екінші  кезеңде  2021-2023 жылға дейін  1,5 мың гектар  тағы қосылып, екі мың гектар  жерге созылып, егжей-тегжейлі жобасы  жасалынады.  Бастапқыда жоспар бойынша  50 мың халыққа шақталып құрылыс жүргізілсе, халық саны 120-150 мыңға дейін жететіні де  ескерілген.  Өздеріңіз білесіздер,  Түркістан түркі халықтарының мәдени  рухани орталығы. Мұнда тек әкімшілік іскерлік орталығы  ғана болмайды. Үлкен туризм аумағы болады деп жоспарлануда. Мавзолейдің айналасында осыған келер жолдың барлығына үлкен жобалар жасалады, «Ескі қала» деген.

Түркістандағы ескі қалашық қалпына келтіріледі (жоба)

Айтайық 88,9 гектар республикаға қарайтын мәдениет министрлігіне тиесілі жер болса, айналасындағы тағы да соншама жер өзіміздің облысқа қарайды. Осыншама жерге біз жобамызды әзірледік, бұл жоба жүзеге асқан жағдайда қалаға келуші туристерге ерекше жағдай жасалады.

Интеллектуалдық орталық, түркі тілдес орталық, қалашық салынады. Ақылды қала жобасы негізінде жаңа технологиялар кеңінен қолданылмақ. Жаңа үлгідегі  зәулім үй, әлеуметтік, мәдени нысандар болсын жобалары бойынша байқау жарияланады.  Қазақстандық сәулетшілерден бөлек шетелдік мамандар да жобаларын байқауға ұсына алады».

Айта кететін жәйт, бас сәулетшінің мәлімдеуінше, бой көтеретін ғимараттардың  биіктігі бес қабатты үйлерден аспауы тиіс. Нысандар  Ахмет Яссауи кесенесін жаппауы үшін. Құрылыс шығыс үлгісі бойынша жүргізілетін болады. Мавзолейдің төңірегіндегі  ескі қалашықтар,  ғұламаларымызға арналған шағын мавзолейлер қайта қалпына келтірілмек.

Шағын мавзолейлер қалпына келтірілмек (жоба)

Әрине, мұнда жаңа технологиялар пайдаланылады. Қаланың аумағы ұлғаятын болғандықтан, бас жоспар да өзгеріске ұшырайды. Сейсмикалық жағынан аумақ  құрылысқа өте ыңғайлы. Салынатын нысандардың эскиздері де әзірленген.

Шынар Оразова