Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жаңа ректор тағайындалды

459
inform.kz

Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ректор ауысты. Бұл қызметке  профессор Болатбек Әбдірәсілов тағайындалды, деп хабарлайды inform.kz.

Бүгін ректорды оқу орнының ұжымына ҚР Білім және ғылым вице-министрі, Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңес төрағасының орынбасары Бибігүл Асылова таныстырды. Өз кезегінде жаңа ректор тұтас түркі халықтарының басын қосқан оқу ордасын өркендетуге, дамытуға барынша жағдай жасайтынын жеткізді. Айта кетейік, Болатбек Серікбайұлы еңбек жолын 1986 жылдан бастаған.

Ғылым жолында өзіндік ізі бар профессор биология ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты. 1986-1994 жылдары Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының оқытушылығынан бастаған Болатбек Серікбайұлы аталған оқу орнының доценті, деканы, проректоры қызметтерін атқарды. 1996-1998 жылдары — осы университеттің ректоры, ал 1998-2000 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірінші проректоры болып еңбек етті.

2000-2001 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры, содан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мониторинг және бақылау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2001 жылдың тамызынан 2004 жылдың қарашасына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры болған. Осы жылдың қараша айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпанынан 2010 жылдың қыркүйегіне дейін — ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

2010 жылдың қазан айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалған профессор, 2012-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, 2017 жылдың 24 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Білім және ғылым министрінің №34-ЖК бұйрығымен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы болып жемісті қызмет атқарып келді. Еліміздің білім-ғылым саласында 32 жылдан бері табысты еңбек еткен профессор «Құрмет» орденінің иегері (2005 ж.).