Түркістанды үлкен өзгерістер күтіп тұр

524

Оқырман назарына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың  алтыншы шақырылымдағы  облыс мәслихатының  кезекті 25-ші сессиясында сөйлеген сөзін ұсынамыз:

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Өздеріңізге белгілі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Әкімшілік  аумақтық заңына сәйкес жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес Шымкент қаласына республикалық қала мәртебесі берілді. Ал облыс орталығы болып ғасырлар бойы қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласы белгіленді, осыған орай баршаңызды құттықтағым келеді. Елбасымыз Түркістан облысында жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Тарихи өзгерістердің қарсаңында тұрмыз, осы тапсырмалардың барлығын сіздер мен бірге бірлесе отырып атқарамыз деп ойлаймын. Кеше ҚР Премерь-министрі Бақытжан Сағынтаев және ҚР Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков мырза келіп Елбасымыздың жарлығын жеткізіп жаңа тағайындаулар жасап кетті, содан кейін Түркістан қаласында болып сол жердегі жаңадан салынатын әкімшіліктік аумақтық орталық, ол жаққа көшіп баратын түрлі мемлекеттік құрылымдар, басқармалар министрліктің департаменттері, сондай-ақ облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес, облыстық «Нұр Отан» партиясы отыратын бірнеше ғимараттармен танысты.

Өздеріңізге белгілі Түркістанға облыс атауының берілуі барлығымызға үлкен міндет жүктейді, облыстық деңгей емес, республикалық емес, халықаралық деңгейде баршамызға міндет жүктейді. Ол түркі әлемінің рухани астанасы, Орта Азияның рухани орталығы, осыған орай әлеуметтік салаларды, туризмді, түрлі рухани құндылықтар, ғылыми, мәдени саладағы жұмыстарды дамыту қажет.

Облыс орталығында міндетті түрде әкімшілік аумақтық құрылымда 50 мың адамға арналған тұрғын үй құрылыстары салынады. Жаңа театрлар, спорттық кешендер, сауда орындары, әкімшілік ғимараттар, 24 басқарма, қоғамдық кеңес, құқық қорғау органдарының ғимараттары болады. Сондай-ақ, облыста бұған дейін жұмыс істеп келген ҚР министрліктерінің департаменттері, яғни, 30 департамент ғимараттары  Түркістанда салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы 100 гектар аумақта тарихи мәдени аймақ салынады, ол жерде «Түркі дүниесі» орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы, облыстық тарихи ескерткіштерінің көрмесі бой көтереді.

Осындай жұмыстың барлығын бірлесе атқаруға іскер азаматтарды шақырамын. Оны мемлекеттік тапсырыс және мемлекеттік — жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырып, одан бөлек, жеке инвестициялар тартуымыз қажет. Сондай-ақ, Түркістан қаласы Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының өзегінде орналасқандықтан логистика дамитын болады, ол жерде темір жол вокзалы үлкейтіледі, жаңадан автовокзал, әуежай салынатын болады. Өздеріңізге белгілі ең әуелі әуежай, сапалы қонақ үй және де тарихи демалыс орындары болған жерде өңір жақсы дамиды.

Түркістан қаласында халықаралық дәрежедегі түркологиялық конференциялар, симпозиумдар өткізуіміз қажет. Премьер министрге, Президент әкімшілігінің басшысына түркі әлемін зерттейтін орталықтарды да Түркістанға көшіру жайлы ұсыныстарды айттым. Оның ішінде Халықаралық Түркі академиясы, ТҮРКІСОЙ, түркі кеңесінің көшуі  өте маңызды. Олардың бірі Бакуде, Стамбұлда болып жатса, енді ол ұйымдар облыс орталығында да болуы Түркістанның халықаралық дәрежедегі деңгейде екенін білдіреді.

Өркен Мырзабек