Тәулік бойы жұмыс істейтін бала-бақша ашылды

843

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қос бірдей бала-бақша ашылды. Мектепке дейінгі білім беру орталықтарында психикалық дамуы шектеулі және тірек қимыл функциялары бұзылған балалар білім алады. Коррекциялық бақша жергілікті кәсіпкердің қаржыландыруымен бой көтерген.

Жаңа бала-бақшадағы бұл кабинетте мамандар сал ауруына шалдыққан балғындарға терапиялық ем жасайды. Мұнда баланың тірек қимылын ретке келтіру үшін барлық жағдай қарастырылған. Жаңадан ашылған орталықтың алғашқы күнінде-ақ Ырысдаулет Орынбасар баласын осында әкелді. Ата-ана тумысынан сал ауруына шалдыққан перзентін өзге балалар сынды білім алуын қалайды.

Ырысдаулет Орынбасар, ата-ана: «Біз бүгін өте қуанып отырмыз. Кәсіпкерге рахмет. Осындай ғимарат салып беріп, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдап отыр. Осы бала бақшаның ішінде ЭЛФК, психолог бар, жан — жақты оңалту шарасынан өтеміз».

Ырысдаулет Орынбасардың перзенті сынды мұнда денсаулығында ақауы бар балалар оқу және тәрбие жағынан тәлім алады. «Достық» деп аталатын коррекциялық бақша 50 орынға арналған. Мұнда тірек қимыл бұзылған балақайлар тәлім алады.

Ал екінші бала бақшада психикалық дамуында шектеу бар балалар білім алады. Орталық 50 балаға арналған. Мұнда педагогтар мүмкіндігі шектеулі балаларға Монтесорри және саусақ моторикасын дамытатын бағдарламалар бойынша білім береді. Сондай-ақ, түрлі методикалар арқылы ой қабілетін дамытып, тілінде мүкістігі бар балалармен дефектолог жұмыс жасайды.

Фатима Ештаева, меңгеруші: «Бұл бала бақшада аутизм, Даун синдромымен туылған балалар тәлім алады. Әрқайсысымен жеке сабақ өткіземіз. Бізде арнайы бұрыштар жасалынған. Дефектолог мамандар балаларға жеке жұмыс жүргізеді. Бала бақша өте кең, жарық, балаларға жағдай жасалынған. Арнайы бағдарлама жасалынған. Мұнда балалар 2 және жеті жасқа дейін қабылданады».

Айта кетейік, ерекше балғындарға арналған қос бала бақша жеке кәсіпкердің қаржыландыруымен бой көтерген. Мемлекеттік мекемеде балғындар тегін білім алады. Бұл үшін ата-аналар баласының денсаулығындағы ақауды растайтын құжатты қалалық білім бөліміне өткізіп, кезекке тұруы тиіс. Сондай-ақ, қос бала-бақша тәулік бойы жұмыс істейді.