«Шарықта, шалқар шабытым». Бүгін осындай тақырыптағы дәстүрлі байқаудың қалалық іріктеу кезеңі өтті. Зағип жандар арасында өрбіген сайыс өнерлі, шығармашыл таланттарды анықтауға бағытталған.
Яғни, қатысушылар бірінші кезеңде Елордамыз — Астананың 20 жылдығын әніне арқау етіп, арман қалаға деген құрмет-махаббатын жеткізуі тиіс. Ал екінші кезеңде қазақ ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын жатқа оқып, көркемсөз оқудың көрінісін ұсынуы міндетті. Сондай-ақ, үміткерлердің қолөнерге деген қызығушылығы да ерекше ескеріліп, жасаған сәндік қолданбалы өнерлеріне мән беріліп жатыр.
«Қатысушылардың жас ерекшелігі ескеріледі. Дегенмен, мектеп оқушыларынан бастап, 50 жасқа дейінгі ерекше жандар қатысып, өнерлерін ортаға салып жатыр. Үміткерлердің байқауға деген қызығушылығы мен белсенділігіне таң қалып отырмын. Өнердің өміршеңдігі деген осы! Ал ақтық сын, облыстық жарыс, Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда, халықаралық зағиптар күні қарсаңында өтеді деп жоспарланып қойған, — дейді қазылар алқасының төрағасы Бәкір Нұрманбетов.
«Шарықта, шалқар шабытым» атты байқаудың іріктеу кезеңі бүгін тәмамдалады. Ал жеңімпаздар облыстық жарысқа жолдама алмақ. Айта өтейік, көзі көрмейтін және әлсіз көретін жандарға арналған осынау өнер бәсекесі биыл 8-ші жыл қолға алынып отыр. Және кезекті сайысқа 9 үміткер қатысып, талантын таразылауға көшкен.